
Алматы облысында Го ойынынан «Kunanbayev Cup – 2026» III халықаралық әуесқойлар турнирі өз мәресіне жетті. 2026 жылғы 17-19 шілде аралығында өткен, Орталық Азиядағы беделді зияткерлік дода биыл Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Корей Республикасы, Өзбекстан және Біріккен Араб Әмірліктерінен келген 60-тан астам мықты ойыншының басын қосты.
Орталық Азия үздіктері
Үш күнге созылған тартысты бәсекенің қорытындысы бойынша жарыстың бас жүлдесі шетелдік ойыншыларға бұйырды. Қытайдың тәжірибелі ойыншысы Бао Ифань турнирдің чемпионы атанды. Екінші орынды Корей Республикасының өкілі Ким Дохёп иеленсе, үздік үштікті тағы бір Қытай спортшысы Е Сяоюнь түйіндеді.
Десе де, отандық жанкүйерлер үшін басты қуаныш Орталық Азия деңгейіндегі есепте тіркелді. Қазақстандық спортшы Мерей Хуанбай халықаралық турнирде асқан шеберлік танытып, Орталық Азияның ең үздік ойыншысы атағын жеңіп алды. Бұл санаттағы күміс жүлде қырғызстандық Эрнұр Эмильевке бұйырса, қола жүлдені Данай Айталиев еншіледі.
Қазақстандық ойыншылардың жетістігі
Турнир аясында түрлі шеберлік деңгейлері (кю) бойынша да жеңімпаздар анықталды. Отандық мектептің шәкірттері бірнеше санатта қарсылас шақ келтірмей, бірінші орындарды иеленді:
- Барлас Мұқанов – 5 кюге дейінгі санат жеңімпазы;
- Эмир Сайын – 10 кюге дейінгі санат жеңімпазы;
- Елена Попова – 15 кюге дейінгі санат жеңімпазы;
- Жанар Тәукенова – 20 кюге дейінгі санат жеңімпазы;
- Сафина Серікова – 25 кюге дейінгі санат жеңімпазы.
Сонымен қатар ұйымдастырушылар тарапынан бекітілген арнайы номинациялар да өз иелерін тапты. 7 жасар отандасымыз Сафина Серікова турнирдің ең жас қатысушысы деп танылса, жасы үлкен қатысушы номинациясы кореялық 70 жастағы Чон Донгюге берілді. «Үздік ойыншы қыз» атағын қазақстандық Амина Абаева жеңіп алса, 10 жасқа дейінгі үздік ойыншы жүлдесі Эмир Сайынға (Қазақстан), ал 14 жасқа дейінгі үздік ойыншы атағы Бакай Мурсалиевке (Қырғызстан) бұйырды.
Миллион долларлық жүлде
«Kunanbayev Cup – 2026» турнирінің жалпы жүлде қоры 10 мың АҚШ долларын құрап, аймақтағы ең ірі көрсеткішке ие болды. Жарыстың бас демеушісі, Қазақстан Го қауымдастығының президенті Ерлан Құнанбаевтың мәлімдеуінше, алдағы уақытта турнирдің жүлде қорын кезең-кезеңімен екі есе ұлғайтып, 1 миллион АҚШ долларына дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Го ойыны – 4000 жылдан астам тарихы бар, адамзат өркениетіндегі ең көне интеллектуалдық ойындардың бірі. Ол стратегиялық ойлауды, талдау қабілетін, логика мен ұзақ мерзімді жоспарлау дағдыларын дамытатын күрделі спорт түрі саналады.
Го ойыны Қазақстанға қалай келгені туралы толығырақ сілтеме арқылы оқи аласыз.