Жаңалықтар

Жаңаөзендегі 2027 жылы ашылуға тиіс газ өңдеу зауытының құрылысы кешігіп жатыр

Жаңаөзендегі газ зауытының құрылысы тек 40 пайызға дайын / Фото: ҚР Энергетика министрлігі

Жаңаөзендегі 2027 жылы іске қосылуға тиіс газ өңдеу зауытының құрылысы тек 40 пайыз дайын. Жалпы зауыт салуға 3 жыл берілгенімен, құрылыс жұмыстары кестеден көп кешігіп жатыр.

Маңғыстау облысына жұмыс сарапымен барған Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов стратегиялық жоба құрылысын жеделдетуді тапсырды.  

«Жаңаөзен газ өңдеу зауыты – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар жоба. Тапсырыс беруші мердігерлерді жүз пайыз аванспен уақытылы қамтамасыз етті. Енді құрылыс қарқынын күшейтіп, зауытты белгіленген мерзімде пайдалануға беру қажет», – деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.

ГӨЗ құрылысын жеделдету үшін қосымша жұмыс күші мен арнайы техника жұмылдырылу жоспарланған.

Зауыт іске қосылғаннан кейін жылына 900 млн текше метр газ өңдей алады. Жоба аясында жыл сайын 743 млн текше метр тауарлық газ, 217 мың тонна сұйытылған мұнай газы және 122 мың тонна пентан-гексан фракциясы өндіріледі деп жоспарланған.

Бұл зауыт – құрылысы жүріп жатқан төрт газ өңдеу зауытының бірі.

Бұған дейін Жаңаөзендегі газ өңдеу зауыты үшін Қытай жабдықтары пайдаланылатыны хабарлаған.  «ҚазМұнайГаз» зауыт құрылысына 216 млрд теңге жұмсады.

Осыған дейін құрылысы баяу жүріп, ашылу мерзімі бірнеше рет шегерілді. Сол үшін Қасым-Жомарт Тоқаев зауыт құрылысының кешігіп жатқанын сынға алып, мұны Үкіметтің өрескел олқылығы деп атаған.