Жаңалықтар

Қазақстанда Baidu технологиясы негізіндегі роботакси пайда болуы мүмкін

Фото: facebook.com/tmrturlov, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Freedom Holding Corp. мен Қытайдың Baidu компаниясы Қазақстанда жүргізушісіз такси қызметін іске қосуды жоспарлап отыр. Холдинг басшысы Тимур Турлов Шанхайда Қытайдың жетекші технологиялық компанияларымен келісімдер жасалғанын хабарлап, Facebook парақшасында оның мән-жайын түсіндірді.

Жобадағы негізгі серіктестердің бірі – Baidu компаниясы.

«Baidu компаниясымен бірге роботакси қызметін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Олардың Apollo Go сервисі Қытайда миллиондаған жолаушыны тасымалдап келеді. Осы технологияларды біздің тәжірибемізбен және инженерлік мүмкіндіктерімізбен біріктіре отырып, Қазақстан үшін бірегей сервис жасай аламыз. Осы екі серіктестік арқылы Қазақстан өңірдегі роботакси саласының көшбасшысына айнала алады», – деп жазды Тимур Турлов.

Роботакси қызметінде Baidu әзірлеген Apollo Go технологиясы қолданылады.

Қазақстандағы жүргізушісіз такси қызметі Baidu компаниясының Apollo Go платформасының технологиялары негізінде жұмыс істейді. Бұл сервис бүгінде Қытайдың бірнеше ірі қаласында жұмыс істеп тұр.

Электромобильдерге арналған желі құрылады

Freedom Holding Corp. бұдан бөлек Geely және SK компанияларымен электромобильдерге арналған жылдам қуаттау станцияларының ұлттық желісін құру туралы меморандумға қол қойған.

Жоба аясында қуаттау станцияларын Қазақстанда өндіруді жолға қою және оларды SuperApp жүйесіне біріктіру жоспарланып отыр. Аталған келісімге ел Президенті қатысқан жиында қол қойылды.

Бұлтты технологиялар дамытылады

Сонымен қатар Freedom Holding Corp. Alibaba Cloud компаниясымен Қазақстандағы бұлтты инфрақұрылымды кеңейту жөнінде келісім жасады.

Жоба Астанадағы Akashi деректер орталығы базасында жүзеге асырылады. Тимур Турловтың айтуынша, бұл заманауи бұлтты технологияларды енгізуге, инженерлер үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға және ішкі нарыққа ғана емес, экспортқа да бағытталған цифрлық өнімдер әзірлеуге мүмкіндік береді.

Ынтымақтастық аясында ауыл шаруашылығына арналған дрондарды шығару және тауар жеткізуге пайдаланылатын ұшқышсыз аппараттарды өндіру жоспарланып отыр. Ірі қалаларда дрондар арқылы тауар жеткізу бойынша пилоттық жобалар алты айдан астам уақыттан бері жүзеге асырылып келеді.

Freedom Holding Corp. басшысы Тимур Турловтың айтуынша, бүгінде компанияда 2,5 мыңнан астам инженер мен әзірлеуші жұмыс істейді. Бұл Қазақстан нарығына озық қытайлық технологияларды енгізіп, оларды жергілікті жағдайға бейімдеуге мүмкіндік береді.

Бұған дейін Алматыда Yandex Qazaqstan компаниясы жүргізушісіз такси жобасын таныстырған еді. Алайда ол әзірге сынақ кезеңінде қалып, жаппай қолданысқа енгізілген жоқ.