Жаңалықтар

10 шақырымға 2,43 млрд теңге: Қайыңдыға апаратын жол құрылысы қашан бітеді

Қайыңды көліне апаратын жол
Қайыңдыға апаратын жаңа жол / фото: Алматы облысы әкімдігі

Алматы облысында туристер ең көп баратын жерлердің бірі – Қайыңды көліне апаратын жол құрылысы қашан аяқталатыны мәлім болды. 10 шақырымдық жол құрылысы былтыр басталған.

Қайыңдыға апаратын жол құрылысы 2025 жылғы қазанда басталған Қазір бар болғаны 10 шақырымның 2,5 шақырымына ғана асфальт төселді. Облыс әкімдігінің мәліметінше, осы уақытқа дейін ойлы-қырлы жол тегістелген. Жол бойына 42 су құбыры орнатылған. Асфальт енді ғана төселіп жатыр.

Қайыңды көліне апаратын жол
Таудағы жолға асфальт төселе бастады / фото: Алматы облысы әкімдігі

Мәліметтерге қарағанда, биыл жол құрылысына шамамен 1,37 млрд теңге аударылды. Жобаның жалпы құны – 2,43 млрд теңге. Қайыңды көлі Кеген ауданы аумағында орналасқан. Ауданды палуан Нұрбақыт Теңізбаев басқарады.

Жаңа жол 2026 жылғы тамыз айында ашылады. Облыс әкімдігі енді Қайыңды көліне қатынау едәуір жеңілдейді деп есептейді. Инфрақұрылым өңірге келетін туристер санының артуына оң ықпал етеді. Бұған дейін сұлу көлге адамдар жол талғамайтын көліктермен ғана қатынайтын. Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы желтоқсанда Қайыңдыға кетіп бара жатқан жолда шетелдік бір турист апатқа ұшырап, соның салдарынан қайтыс болған.

Алматы облысындағы Қайыңды көлі
Қайыңды көліне жету жеңілдейді / фото: gov.kz

Көлсай мен Қайыңды көлдеріне жазғы уақытта тәулігіне 7-8 мың турист демалуға келеді. Сол себепті оларға бару үшін күні бұрын билет алуға тура келеді.