
Атырауда Дина Нұрпейісованың портретін сомдауға керек болған сызбаларды әкімдік өшіре алмай жатыр.
Ақжайық ақпаратына қарағанда, 5 шілдеде Атырауда Домбыра күні кең көлемде аталып өткен. Мерекенің басты көріністерінің бірі – «Сұлтан Бейбарыс» алаңында жүздеген домбырашы мен биші Дина Нұрпейісованың бейнесін бейнелеген қойылым болды.
Онда 2500 домбырашы ерекше композиция жасаған еді.
Қатысушылар дәл орналасуы үшін алаңның тас төсеміне алдын ала арнайы сызбалар мен белгілер салынған. Алайда мерекеден кейін белгілерді өшіру мүмкін болмай отыр.
«СпецАвтоБаза» ЖШС қызметкерлері суретті бірнеше рет кетіруге тырысқанымен, бояу өшпеген. Қазір алаңда Дина Нұрпейісованың портретінің сұлбасы әлі де анық көрінеді.
Бұл жағдай әлеуметтік желі қолданушыларының қызу талқысына түсті. Әзірге Атырау әкімдігі оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.
Ал Астанада Домбыра күнінде елордалық амфитеатрда мерекелік концерт өтті.