
Қарағанды облысы Балқаш қаласының әкімі болып Саян Мұратұлы тағайындалды.
Шаһардың жаңа басшысын Балқаш активіне Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев таныстырды. Облыс әкімі жаңа әкімнің алдына қаланың инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын одан әрі дамыту, коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру, абаттандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу және әлеуметтік маңызы бар жобаларды тиімді іске асыру міндеттерін қойды.
– Сіздің басты міндетіңіз – балқаштықтардың өмір сүру сапасын арттыру, тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыру, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту. Сонымен қатар туризм саласын өркендетуге ерекше назар аудару қажет, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Саян Маратұлы кім
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Саян Мұратұлы мемлекеттік басқару жүйесінде 2015 жылдан бері еңбек етіп келеді. Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын Балқаш қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде абаттандыру, автомобиль жолдары, жолаушылар көлігі және коммуналдық шаруашылық секторының бас маманы қызметінен бастаған.
Кейін Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында сумен жабдықтау және су бұру бөлімінің бас маманы, кейін осы бөлімнің басшысы қызметтерін атқарды.
2022–2024 жылдары Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары болған. Одан кейін Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды. 2025 жылдың тамыз айынан бастап Балқаш қаласының әкімі болып тағайындалғанға дейін Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы болды.