Жаңалықтар

Қаздар аралының құпиясы: 10 млн долларға сатылатын арал кімге тиесілі

Үлкен қаздар аралы сатылады
Қаздар аралының құпиясы ашылды / фото: Instagram/Mubarak.Zarina

Шығыс Қазақстан облысында 10 млн долларға арал сатылатыны туралы хабарлама бір ай бұрын жарияланған. Аралды «ауқатты клиенттердің жабық нысандарын» сатумен айналысатын брокерлік агенттік саудаға қойды. Kursiv.Media қымбат бағаға ұсынылған жердің нақты қай аралда орналасқанын, оның иесі кім екенін анықтады.

Ауқатты клиенттің жабық нысаны

Арал сатылатыны туралы мәліметті PREMIER Estate group брокерлік агенттігінің негізін қалаушы Зарина Мүбарак Instagram-дағы парағына жариялады.

«Нарықта жеке аралға ие болу мүмкіндігі күнде пайда бола бермейді», – деп жазды топ-менеджер.

Алты жыл бұрын құрылған агенттік «ауқатты клиенттермен» жұмыс істеп, «жабық нысандарды» сатумен айналысады. Компания өзін Дубай қаласын салушылардың ресми өкілі ретінде таныстырған. Мәселен, агенттік қожайыны қазір Бурдж-Халифағы бір пентхаусты 40 млн долларға өткізуге талпынып жатыр.

Шығыстағы жұмбақ арал

Аралдың Шығыс Қазақстанда орналасқаны мәлім. Агенттік оның бірнеше суретін ғана жариялады. Бұған қоса, бірыңғай инвестициялық жобаға біріктірілген 22,5 га (техникалық қате кетуі мүмкін – ред.) жер туралы айтылды.

Брокерлер ол аралға люкс шипажай салуға, тіпті ауқымды туристік кешен тұрғызуға болады деп есептейді. Арал бағасы: 10 млн доллар.

«Мәлімет мүдделі инвесторларға ғана ұсынылады», – деп ескертті Зарина Мүбәрак.

Қазақстанның шығысында арал көп емес. Сол себепті қымбатқа сатылып жатқан жердің нақты қай аралда орналасқанын анықтау қиын емес.

Үлкен қаздар аралы

Брокерлік агенттік жариялаған суретке Шығыс Қазақстанда бір ғана аралдың мүйісі сәйкес келеді. Ол – Үлкен қаздар аралы, Бұқтырма бөгенінде орналасқан. Сатылып жатқан нақты осы арал екенін төмендегі коллаждан көз жеткізуге болады.

Үлкен Қаздар аралының суретін 2gis картасымен салыстыру
Арал суреті мен 2gis картасындағы арал мүйісін салыстыру / коллаж: Kursiv.Media, Талғат Дүйсенбек

Үлкен қаздар аралы бірнеше жер учаскесіне бөлініп, оларға төрт түрлі кадастрлық нөмір берілген. Мәліметті Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры (БМЖМК) порталынан алдық.

Кадастрлық нөмірАумағы (м2)Аумағы (га)Кадастрлық құны (тг)
050700330271 611 000,00161,10001 149 770,00
05070033028241 000,0024,1000172 002,00
05070033029151 000,0015,1000107 769,00
05070033030247 000,0024,7000176 284,00
БАРЛЫҒЫ:2 250 000,00225,00001 605 825,00
Жылжымайтын Мүліктің Бірыңғай Мемлекеттік Кадастры
Үлкен қаздар аралына төрт түрлі кадастырлық нөмір берілген / карта: БМЖМК

Бұдан шығатын қорытынды: Үлкен қаздар аралының жалпы аумағы – 225 гектар, ал оның кадастрлық құны – шамамен 1 млн 606 мың теңге. (Ескерте кетейік, бұл аралдың нарықтағы бағасы емес, тек салық салу және кадастрлық есепке алу үшін бекітілген базалық құны). Соған қарағанда, Зарина Мүбәрак сатылатын арал аумағын «22,5 га» деп қате көрсеткенге ұқсайды.

Айта кетейік, Үлкен қаздар аралында, БМЖМК мәліметіне сәйкес, ешқандай ғимарат тұрғызылмаған.

Арал қожайыны кім?

Бұқтырма бөгенінде Үлкен және Кіші қаздар аралы бар. Кішкентай аралдың жалғыз ғана қожайыны бар – «Agro Camping Aral» компаниясы. Ал бізді қызықтыратын Үлкен қаздар аралындағы төрт жер учаскесі де «Мұхит-Бура» компаниясына тиесілі.

eGov мәліметінше, «Мұхит-Бура» алғаш рет Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданында 2017 жылғы 9 ақпанда тіркеліп, 2024 жылғы 15 қарашада қайта тіркеуден өткен.

«Мұхит-Бура» аралас ауыл шаруашылығымен; егін салып, жылқы өсірумен; құс шаруашылығымен; жылжымайтын мүлікті басқару немесе жалға берумен айналысады. Компания кеңсесі Алтай ауданындағы Жаңа Бұқтырма кентінде орналасқан.

Компанияның бірінші жетекшісі әрі жалғыз құрылтайшысы – Қайырғазы Исатай Сәбетұлы. Adata.kz мәліметінше, 42 жастағы кәсіпкердің «Altay Polymetal» компаниясына қатысы бар. Қазір оны Қайырғазы Қайрат Сәбетұлы басқарады. Исатай мен Қайрат бір күнде туған. Олардың әкесі – 68 жастағы Мұхитов Сәбет Қайырғазыұлы бес бірдей компанияның құрылтайшысы болып отыр. Олардың арасында «Өскемен полиметалл концентраттары зауыты», «Сибмодель», «Ecosilicon» секілді компаниялар бар. Олар Өскемен, Астана және Алматы қалаларында тіркелген.