
Лондондық «Челси» Nike компаниясымен бірлесіп, сырт алаңға арналған су жаңа формасын ресми түрде таныстырды. Жанкүйерлерге «Unleash The Lion» («Арланды азат ету») ұранымен ұсынылған жейде үлгісі қазақстандық футболсүйер қауымның да ерекше назарын аударып отыр.
Себебі жақында ғана «Челси» қатарына қазақстандық жас талант Дастан Сәтбаев ауысқан еді. Енді жанкүйерлер отандасымыздың дәл осы жейдені киіп, алаңға шығуын тағатсыздана күтері анық.
Форманың дизайны мен ерекшеліктері
Сырт алаңда ойнауға арналған форма 2021/22 жылғы маусымнан бері алғаш рет дәстүрлі қара түсті негіз етіп таңдалды.
Қара түстің үстіне алтын түстес элементтер берілген. Бұл реңк биылғы үйдегі ойнайтын формада да бар. Форманың жағасы мен жеңдерінде алтын түсті лавр жапырағы бейнеленген. Ал иық бөлігінде алтын түстес сызықтар бар.
Ойыншылар алаңда киетін форма Nike компаниясының соңғы Aero-FIT салқындату технологиясымен жасалған. Бұл ойыншылардың дене температурасын реттеп, құрғақ ұстауға көмектеседі.
Таныстырылым мен алғашқы матч
Англиялық клуб форманы таныстыру үшін арнайы бейнеролик түсірді. Бейнебаян желісі бойынша «апанынан шығып, прайдқа біріккен арыстандар» концепциясы қолданылған. Түсірілімге клубтың Элли Карпентер, Эстевао Виллиан, Лорен Джеймс, Наоми Гирма, Мойсес Кайседо және Рис Джеймс сияқты басты жұлдыздары қатысты.
«Челси» бұл форманы алғаш рет АҚШ-тағы маусымаралық туры кезінде киіп шығады.
Су жаңа форма қазірдің өзінде ерлер, әйелдер және балалар өлшемінде Лондондағы «Стемфорд Бридж» стадионындағы Megastore дүкенінде және клубтың ресми онлайн дүкенінде сатылымға шықты.
Еске сала кетейік, Дастан Сәтбаев жақында «Челси» сапындағы алғашқы ойынын өткізген еді.