
20 шілде күні Мадрид әуежайына футболдан Әлем чемпиондары Испания ұлттық құрамасы мінген ұшақ келіп қонды.
Отанына оралған бойда құраманың футболшылары мен бапкерлер штабын Сарсуэла сарайында Испания королі Фелипе VI, королева Летисия, тақ мұрагері ханшайым Леонор және инфанта София арнайы қабылдады.

Патша отбасының құттықтауынан кейін испандық ұжым елдің Премьер-министрі Педро Санчестің резиденциясына бет алды.
Мадрид көшелерінде 2 млн-ға жуық жанкүйер жиналды
Ресми шарадан соң чемпиондардың қала орталығындағы автобуспен шеруі басталды. Әлем чемпионатындағы тарихи жеңісті атап өту үшін Мадрид көшелеріне 2 миллионнан астам жанкүйер шығып, қошемет көрсетті.

Айта кетейік, «қызыл фурия» араға 16 жыл салып, өз тарихында екінші мәрте Әлем чемпионы атанып отыр.

Испания астанасының орталық көшелері мен Пуэрта-дель-Соль сияқты бас алаңдарына жиналған қалың халық ән салып, би билеп, от шашып, жеңісті түннің ортасына дейін тойлады.

Шеруден кейін дәл осы Пуэрта-дель-Соль алаңында мерекелік концерт өтіп, футболшылар Әлем кубогын халық алдында тағы бір мәрте аспанға көтерді.

АҚШ-тағы турнирдің финалында Испания құрамасы Аргентинаны 1:0 есебімен жеңді. Кездесудегі жалғыз әрі жеңісті голды қосымша уақытта «Барселонаның» шабуылшысы Ферран Торрес соқты.
Бұған дейін, президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Испания короліне құттықтау жеделхатын жолдаған еді.