
Қазақстан президенттігіне үміткер болған саясаткер Әміржан Қосанов аргентиналық футболшы Лионель Мессиге өлең арнады.
Онда Әміржан Қосанов ертедегі жырауларша жыр толғап, финалда ұтылған Мессиді көз жасына ерік бермеуге шақырған. Футболда жас әрі талантты буынның өсіп келе жатқанын ескертіп, кезінде дүрмек салған алаңнан уақытында кетуге үндеген:
Жылама, Месси, жылама
Финалдан үміт көп еді,
Сені де тағдыр сынады, ә?
Футбол мен өмір өтеді,
Жылама, Месси, жылама!
Өзіңдей грандты көрген көп,
Жылжымай Уақыт тұра ма?
Ямальдар жатыр өңмеңдеп,
Жылама, Месси, жылама!
Болады ертең тойың да:
Жылама, Месси, жылама:
Сан жанр тұла бойында –
Өмірдің өзі – драма!
Аяныш түрің жылаған,
Жылама, Месси, жылама.
Жеңбейді екен бір адам,
Жеңеді екен құрама!
Жеңіліс құнын ұқтырар,
Қиын бұл жайың, сеземін:
Кетті ғой талай мықтылар
Өзіңе беріп кезегін.
Осыдан басқа жоқ шешім,
Шешеді уақыт былайғы:
Жас ұрпақ басып өкшесін
Ямаль да ертең жылайды.
Бәріне болмай ұнамды,
Мен-дағы дара боламын.
Бүгінге дейін күмәнді
Бір голы Марадонаның.
Не болса-дағы, оң болды,
Сол еді оған керегі:
«Мен емес салған сол голды,
Құдайдың қолы» деп еді.
Талантың бойда, қаныңда,
Стадион деген – дүр мекен.
Сен кеше ойнағаныңда
Сол Құдай қайда жүрді екен?!
Мансаптың қиын тәмамы,
Көңілге, көзге қонар мұң.
Жастардың келді заманы –
Қызғанба бағын олардың!
Футболдың пірі тіл қатты,
Өзіңді бір пұт саналық:
Қинамай келер ұрпақты
Кезінде кету – даналық!
Айта кететін жайт, 2026 жылғы Әлем чемпионатында финалда Испания мен Аргентина құрамасы кездесіп, 1:0 есебімен пиренейліктердің асығы алшы түскен еді.