
Алдағы 3–4 жылда отандық автокөлік бренді пайда болуы мүмкін. Бұл туралы «СарыарқаАвтоПром» ЖШС бас директорының орынбасары Әділ Шайкемелов мәлімдеді.
Әділ Шайкемеловтің айтуынша, Allur компаниялар тобы автомобиль өнеркәсібін дамытуға бағытталған ауқымды жобаны жүзеге асырып, халықаралық холдингтермен және әлемдік автокөлік брендтерімен келіссөздер жүргізіп жатыр.
«Бізде болашақ платформа, бренд және инвестиция көлемі бойынша нақты түсінік қалыптасты. Әзірге бұл ақпаратты құпия күйінде қалдырайық. Бірақ алдағы 3-4 жыл ішінде бүгінде сөз болып отырған қазақстандық өнімді көреміз деп ойлаймын», – деді ол брифинг барысында.
Шайкемеловтің сөзінше, ұлттық автокөлік брендін жасау тек жаңа атау ойлап табумен шектелмейді. Бұл үшін еліміздегі өндірісті дамыту, технологиялық базаны күшейту және өндірістік әлеуетті арттыру қажет.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев отандық автокөлік брендін қалыптастыру қазақстандық компаниялардың негізгі мақсаттарының бірі екенін айтады. Оның сөзінше, бұл бағытта Astana Motors пен Allur жұмыс жүргізіп жатыр, ал мемлекет жобаны қолдауға дайын.
Еске салайық, бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Қазақстанда шығарылған автокөліктердің бағасы төмендей бастағанын айтқан болатын. Оның мәліметінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша отандық көліктердің бағасы шамамен 5%-ға арзандаған.