Жаңалықтар

5 млрд доллар дауы: Қазақстан NCOC басшысына ескерту жасады

Қашаған мұнай кен орны
Қашаған мұнай кен орнын әлемнің бірнеше компаниясы бірлесіп игереді / фото: REUTERS/Stringer

Қазақстан билігі Қашаған мұнай-газ кен орны операторының басшысына айыппұл төленбеген жағдайда қылмыстық іс қозғалуы мүмкін екендігін ескертті. Бұл туралы Reuters хабарлайды.

Астана елдегі ең ірі мұнай кен орындарының бірі – Қашағанды игеретін халықаралық консорциумның басшысына 5 млрд доллар экологиялық айыппұл өтелмесе, қылмыстық іс қозғалуы мүмкін екенін ескерткен. Reuters-тің екі дереккөзі сейсенбі, 21 шілде күні агенттікке осындай мәлімет берген.

Агенттік мұндай ескертуді Қазақстан мен халықаралық мұнай алыптары арасындағы текетірестің шиеленісіп бара жатқанын білдіреді деп сипаттады.

Дереккөздер мәліметінше, Қашағанды игеретін North Caspian Operating Company (NCOC) 2,3 трлн теңге (4,92 млрд доллар) көлеміндегі экологиялық айыппұлды төлемеген. Қомақты айыппұл 2023 жылы күкіртті сақтау тәртібінің бұзылуына байланысты салынған.

Reuters танысып шыққан құжаттарға қарағанда, Қазақстан әділет министрлігі NCOC-тың атқарушы директоры Джанкарло Руюге «талап орындалмағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік» бар екенін ескерткен.

NCOC пен оның мердігерлері қазақ үкіметі салған айыппұл негізсіз деп есептейді. Іс қазір халықаралық сотта қаралып жатыр.

Консорциум құрамына Shell, Eni, TotalEnergies, Exxon Mobil, CNPC, Inpex және ҚазМұнайГаз кіреді. NCOC іс сотта қаралып жатқан уақытта айыппұл төленбейді деп мәлімдеген.

Бұған дейін Әділет министрлігі айыппұлды ерікті түрде төлеуге 20 шілдеге дейін уақыт бергенін, содан кейін шамамен 5 млрд долларды өсімпұлымен бірге мәжбүрлеп өндіруге көшетінін мәлімдеген.