
Алматыда алғашқы LRT желісінің құрылысына дайындық жалғасуда. Төле би көшесінің учаскесінде – Момышұлы көшесінен Жароков көшесіне дейін шығыс бағытта – бұрынғы трамвай желісінің байланыс торы тіректерін бөлшектеу басталады. Олардың орнына сыртқы жарықтандырудың жаңа сәндік тіректері орнатылады.
Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығының хабарлауынша, қазіргі уақытта тіректерде электр беру желілері, байланыс желілері, интернет-провайдерлердің кабельдері, жарнамалық конструкциялар және басқа да инженерлік коммуникациялар орналасқан. Осы желілердің бір бөлігінің иелері немесе оларды пайдаланушы ұйымдар әлі күнге дейін анықталған жоқ.
Әкімдікте атап өткендей, бұған дейін Алматы қаласының Цифрландыру басқармасы байланыс операторларына, интернет-провайдерлерге, коммуналдық кәсіпорындарға және басқа да инженерлік желі иелеріне коммуникацияларды көшіру немесе қайта құру қажеттілігі туралы хабарламалар жіберген. Дегенмен меншік иелерінің бір бөлігі осы уақытқа дейін талап етілген жұмыстарды орындамаған, ал кейбір желілердің иелерін анықтау мүмкін болмады.
Инженерлік коммуникациялардың зақымдануын, сондай-ақ, электрмен жабдықтаудағы, байланыс пен интернетке қолжетімділіктегі ықтимал үзілістерді болдырмау мақсатында орталық барлық меншік иелері мен пайдаланушы ұйымдарға 2026 жылдың 24 шілдесін қоса алғанға дейін аталған учаскеде орналасқан өздеріне тиесілі желілерді бөлшектеу немесе көшіру туралы талаппен қайта жүгінеді.
25 шілдеден бастап бұл жерде құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады. Оның аясында бұрынғы байланыс торының 165 тірегін бөлшектеп, сыртқы жарықтандырудың жаңа тіректерін орнату жоспарлануда. Жұмыстар аяқталғаннан кейін жаңа тіректерде қазіргі әуе желілерін қайта орналастыру жобада қаралмаған.
Еске сала кетсек, LRT-ның бірінші кезеңі Момышұлы көшесі, Төле би көшесі, Абылай хан даңғылы арқылы «Алматы-2» теміржол вокзалына дейін барады. Ал оның депосы Алатау ауданындағы Индустриялық аймақтың оңтүстік бөлігінде орналасады. Жобаның осы бірінші кезеңінің жалпы ұзындығы 18,3 шақырымды құрайды.
Құрылысқа 61,4 млрд теңге бөлінген. Ал жобаны жүргізуге қытайлық компаниялар көмектеседі.