Жаңалықтар

Бюрократия келбеті: әйгілі фотограф Ян Беннингтің суреттері

bureaucracy, Banning
Сушма Прасад (Үндістан), хатшы көмекшісі, Бихар штатының Министрлер кабинеті / Фото: janbanning.com, бильд-редактор: Аделина Мамедова

Америкалық антрополог Дэвид Гребер атап өткендей, бюрократия (қағазбастылық) – нағыз әлеуметтік жоралғы. Әр қоғамда адам баласының дүниеге келуі, шаңырақ көтеруі, өмірден озуы, т.б. маңызды оқиғаларға орай атқарылатын рәсімдер бар. Антрополог ғалымдар бұларды «бір күйден басқа күйге өту жоралғылары» санатына қосып, қызыға зерттейді.

Мысалы, адамның о дүниелік болуын растап, көзі тірісінде қалдырған өсиетін орындамаққа біраз қағаз толтырып, өкілетті органдарға, қызмет көрсететін түрлі мекемелерге жүгінетін жағдайлар бар емес пе.

Сондай кезде көзге түсетін орта мен лауазымды тұлғалардың бейнесі қандай? Шетелдік бюрократтар өзіміздің шенеуніктерге ұқсай ма?

Суриндер Кумар Мандал (Үндістан), салық инспекторы, Бихар штаты / Фото: janbanning.com

Әйгілі голланд фотографы Ян Беннингтің осы тақырыпқа арналған «Bureaucratics» атты айтулы фотожобасы бар. Автор 2003-2007 жж. аралығында әлемнің бірнеше елін (Франция, Йемен, Ресей, Үндістан, Қытай, АҚШ, Боливия) аралап, сондағы мемлекеттік қызметкерлерді жұмыс орнында отырған кезінде суретке түсіріп алған.

Countries where eye contact is a no-go
Әлхам Абдулвазе Нузели (Йемен), Алым-салық және зекет министрлігінің Әл-Махвит қаласындағы бөлімшесінің қызметкері / Фото: janbanning.com

Фотосуреттердегі шенділердің бәрі кеңседе, жұмыс үстелінде отыр.

Цзян Цзи Юань (Қытай), әдебиет және өнер саласының жұмысшылары қауымдастығының төрағасы, Тайань қаласы, Шаньдун провинциясы / Фото: janbanning.com

Үстел – бюрократия, билік символы, лауазым иесін өзгелерден оқшаулап, мәртебесін әйгілеп тұрған қоршау. Ал кеңсенің түрі, жабдықталуы, безендірілуі – жергілікті мәдениет ерекшеліктері мен қаржыландыру деңгейінен хабар берсе керек.

Константино Ая Вири Кастро (Боливия), полиция қызметкері, Томас Фриас провинциясы / Фото: janbanning.com

Мысалы, Боливияның бір полиция бөлімшесінде түсірілген жоғарыдағы суретке назар салсаңыз, мұнда не телефон, не компьютер көрінбейді.

Шейн Фентон (АҚШ), Техас штаты Крокетт округінің шерифі / Фото: janbanning.com

Мемлекеттік қызметке өнер саласынан келген мамандар да бар. Жобаның сондай бір кейіпкері – ресейлік Марина Березина бюджеттік мекемедегі хатшылық жұмысқа келмей тұрғанда әнші әрі хор жетекшісі болған.

Марина Николаевна Березина (Ресей), шаруашылық басқарманың қаржы бөлімі басшысының хатшысы, Томск облысы / Фото: janbanning.com

Франция азаматы Анжелика Ламбер небары 51 адам тұратын Вассонь коммунасының (Пикардия аймағы, Эна департаменті) әкімшілігінде хатшы болып істейді. Жақын маңдағы тағы үш елді мекенде де осындай қызметті қоса атқарып жүр, аптасына 35 сағат жұмыс істейді.

Анжелика Ламбер (сол жақта), хатшы, Франция / Фото: janbanning.com

Кабинеттен шықпай да «өкім шығара алатындарға» иек артқан бюрократияның кезінде суретке түскен келбеті осы.