Жаңалықтар

Чемпиондар лигасы: бүгін «Қайрат» Кипрде «Омониямен» кездеседі

фото: fckairat

Бүгін, 22 шілде күні Кипр астанасы Никосияда Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңі аясындағы алғашқы кездесу өтеді. Жергілікті «Омония» өз алаңында Алматының «Қайратын» қабылдайды.

«Омония» – «Қайрат» матчының тікелей трансляциясы Астана уақытымен 22:00-де басталып, Qazsport телеарнасынан көрсетіледі.

Қос ұжым арасындағы қарымта кездесу 29 шілде күні Алматыда өтеді.

Еске сала кетейік, Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінде «Қайрат» Черногорияның «Сутьеска» клубымен кездескен. Алғашқы ойында «Қайрат» 2:1 есебімен жеңіске жетті. Алматылықтар сапынан Лукас Африко (76-минут) мен Марк Гуаль (90+3) мергендік танытса, «Сутьескадан» Марко Мрвальевич (90-минут) жауап қайтарды.

Сондай-ақ сырт алаңда да «Қайрат» қарсыласынан үстем түсті – 2:0. Бұл ойында Исмаил Бекболат (68-минут) пен Жоржиньо (80-минут, пенальти) көзге түсті.

Айта кетейік, «Қайрат» екінші кезеңде «Омония» клубын ұтқан жағдайда, келесі кезеңде «Левски» (Болгария) – «Университатя Крайова» (Румыния) жұбының жеңімпазымен кездеседі.