Жаңалықтар

Финалдағы рекорд: Испания — Аргентина матчын миллиондаған адам көрді

Испания мен Аргентина ойыны. Әлем чемпионатының финалы
Испания мен Аргентина арасындағы матч / фото: REUTERS/Kai Pfaffenbach

Футболдан Әлем чемпионаты тағы бір рекордты жаңартты. Бір ғана АҚШ-тың өзінде финалды 62 млн адам тамашалады. Біріншіліктің ақтық сынында Испания мен Аргентина құрамалары кездескен.

Америкалықтар футболға қызыға бастады

Nielsen рейтингіне сәйкес, FIFA 2026 финалында Испания жеңісін Құрама Штаттарда 62 миллионнан астам адам көрген. Матч 19 шілдеде Нью-Джерси штатында өтті. Әлем чемпионаты биыл АҚШ, Канада және Мексикада ұйымдастырылды. Тартысты өткен ойынның негізгі уақытында гол соғылмағанымен, қосымша таймдарда Испания Аргентинаны 1:0 есебімен жеңіп, тарихта екінші мәрте чемпион атанды.

Үзіліс кезінде 11 минуттық шоу көрсетілді. Оған Мадонна, Шакира, Джастин Бибер және BTS бойз-бэнді қатысты.

39 күнге созылған біріншілік әлеуметтік желілер мен стриминг платформаларда да көп талқыланды. Мәселен, FIFA-ның TikTok-тағы аккаунты 24,1 млрд рет қаралған.

Испания мен Аргентина матчы
Әлем чемпионатының финалы / фото: REUTERS/Omar Aziz

Әлемде қанша адам қызықтады?

Әзірге әлем бойынша нақты ресми статистика жарияланған жоқ. Бірақ қазірдің өзінде ӘЧ финалын 1,5–1,8 млрд адам тамашалады деген болжам бар.

FIFA президенті Джанни Инфантиноның мәліметіне қарағанда, 2026 жылғы әлем чемпионатының барлық ойындарын үйден, желіден немесе басқа да платформалардан 6 миллиардтан астам адам көрген.

2022 жылы Катарда өткен финалды шамамен 1,5 млрд адам тамашаласа, 2018 жылы Ресейдегі ақтық ойынды 1,12 млрд адам көрген.

2030 жылғы Әлем чемпионаты Испания, Португалия және Мароккода өтеді. Оған 64 ұлттық құрама қатысуы мүмкін.