
Павлодар облысында сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жыртқыш құстарды заңсыз ұстаған азаматқа қатысты тергеу аяқталды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің ақпаратына қарағанда, оның үйінен Қызыл кітапқа енген 35 құс тәркіленді.
Үй ауласында заңсыз тәлімбақ ұйымдастырған
ҚМА Павлодар облысы бойынша департаментінің мәліметінше, күдіктіге қатысты «сирек кездесетін жыртқыш құстарды заңсыз иемдену және ұстау фактісі» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталған.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті 2017 жылдан бері «Құсбегілік» федерациясының және Қазақстанның ұлттық құсбегілік құрамасының мүшесі бола тұра, Қарағанды қаласындағы өз үйінің аумағында заңсыз тәлімбақ ұйымдастырған.
Instagram арқылы заңсыз құс жеткізушілермен байланыс орнатқан
Тергеу нұсқасына сәйкес, ол аңшылық, қыран құстарды күтіп-баптау және емдеуге арналған Instagram парақшасы арқылы табиғи ортадан заңсыз ауланған сирек жыртқыш құстарды жеткізетін адамдармен байланыс орнатқан.
Тінту кезінде күдіктінің тұрғылықты мекенжайынан 35 жыртқыш құс табылып, тәркіленді.
Ителгі, бүркіт және лашын табылған
Тәркіленген құстардың арасында ителгі, бүркіт және лашын болған. Олардың барлығы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген және сирек кездесетін әрі жойылып кету қаупі бар жануарлар қатарына жатады.
Күдікті қамауға алынды.
Сонымен қатар сот санкциясымен оған тиесілі Toyota 4Runner автокөлігіне тыйым салынды.
Айта кететін жайт, Тарбағатайда Қызыл кітапқа енген Түркістан сілеусіні фототұзаққа түскен еді.