Жаңалықтар

Шыңғыс Айтматовтың 100 жылдығына орай таза алтын монеталар шығарылады

adebiportal.kz, бильд-редактор: Дастан Шанай
adebiportal.kz, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қырғызстанның Ұлттық банкі жазушы Шыңғыс Айтматовтың туғанына 100 жыл толуына орай алтын коллекциялық монета шығармақ.

24.kg ақпаратынша, оның таралымы – мың дана.

Таза алтын, 100 сом номиналы

Бұл туралы мерейтойлық іс-шараларды ұйымдастыру комитетінің алғашқы отырысында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Азат Қозубеков мәлімдеді.

Жаңа монета таза алтыннан жасалып, 100 сом номиналымен айналымға шығады. Оның бағасы шығарылған сәттегі алтынның құны мен салмағына қарай белгіленеді.

Бұған дейін де монеталар шыққан

Қырғызстан Ұлттық банкі бұған дейін де жазушының мерейтойларына арналған естелік монеталар шығарған.

2018 жылы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына орай 20 сомдық коллекциялық монета жарық көрді. Оның таралымы 5 мың дана болып, мыс-никель қорытпасынан жасалған.

Сонымен қатар жазушының шығармашылығына арналған арнайы серия да шығарылған. Оның құрамына «Айтматов», «Жәмила», «Алғашқы ұстаз», «Ана – Жер-Ана», «Қош бол, Гүлсары!» және «Ақ кеме» монеталары енген. Бұл монеталар 925 сынамалы күмістен дайындалып, 10 сом номиналымен шығарылған.

2028 жыл – Шыңғыс Айтматов жылы

Еске салайық, 2025 жылы Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Шыңғыс Айтматовтың 100 жылдығын атап өту туралы жарлыққа қол қойған болатын. Құжатқа сәйкес, 2028 жыл Қырғызстанда Шыңғыс Айтматов жылы болып жарияланды.

Ал Қазақстанның Ұлттық банкі «BURABAY» және «SYǴANAQ» коллекциялық монеталарын сатылымға шығаратынын хабарлаған еді.