Жаңалықтар

112 тоннадан астам жанар-жағармайдың шекарадан заңсыз шығарылуына тосқауыл қойылды

фото: kursiv.media

Үш аптада шекарада ЖЖМ заңсыз өткізудің 1342 әрекеті анықталды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әскери қызметшілері мемлекеттік шекара арқылы мұнай өнімдерін заңсыз шығаруға тосқауыл қою жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылғы 1-21 шілде аралығында өткізу пункттерінде жанар-жағармай материалдарын заңсыз алып өтудің 1342 әрекеті тіркелген. Заңсыз тасымалданбақ болған жанар-жағармайдың жалпы көлемі 112 тоннадан асқан.

Құқық бұзушылыққа жол берген азаматтар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылған.

ҰҚК мәліметінше, қабылданып жатқан шаралар елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жанар-жағармайдың көлеңкелі айналымының алдын алуға бағытталған.

Бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов елде жанар-жағармай тапшылығына жол бермеу үшін шекарадағы бақылауды күшейтуді тапсырған болатын. Үкімет мәліметінше, мұнай өнімдерін заңсыз экспорттау ішкі нарықтағы тұрақтылыққа қауіп төндіреді.

Сондай-ақ құқық қорғау органдары бұған дейін Қырғызстанға 37,2 млрд теңгенің жанар-жағармайын заңсыз өткізбек болған ұйымдасқан топтың жолын кескен еді.