Жаңалықтар

Әлемдік Dota 2 жұлдыздары Астанада 1 миллион долларды сарапқа салады

Әлемдік Dota 2 жұлдыздары Астанада 1 миллион долларды сарапқа салады / Фото: blast.tv

2-5 тамыз аралығында Астанада Dota 2 ойыны бойынша ірі халықаралық турнир өтеді. Жарыс мультиспорттық «Болашақ ойындары 2026» аясында Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында ұйымдастырылады, деп хабарлайды Туризм және спорт министрлігі.

Жүлде қоры 1 миллион долларды құрайды.

«Қазақстан, Қытай, Оңтүстік-Шығыс Азия, Оңтүстік Америка, Шығыс Еуропа және басқа да аймақтардан келген 16 команда бақ сынайды. Қатысушылар арасында әлем чемпиондары, Dota 2 бойынша басты жыл сайынғы турнир – The International финалистері, сондай-ақ ірі халықаралық жарыстарда көпжылдық өнер көрсету тәжірибесі бар ойыншылар бар», – делінген хабарламада.

Жарыста Қазақстан намысын Даниял Әлібай, Әбдімәлік Сайлау, Әлім Беспаев, Айбек Тоқаев және Никита Остаховтан құралған Rune Eaters командасы қорғайды.

Dota 2 – әлемдегі ең танымал киберспорттық ойындардың бірі. Әр матчта бес адамнан тұратын екі команда бір-бірімен шайқасады. Жеңіске жету үшін қарсыластың басты базасын жойып, өз базаңды қорғау керек. Ойын жақсы стратегияны, жылдам реакцияны және командалық жұмысты талап етеді.

«Топтық кезеңде 16 команда төрт-төрттен төрт топқа бөлінеді. Матчтар best-of-three форматында өтеді: серияда бірінші болып екі ойында жеңіске жеткен команда басым түседі. Плей-оффтан кейін жеңілген команда жарыстан шығатын жүйе бойынша өтеді: сериядағы жеңіліс турнирдегі қатысуды аяқтауды білдіреді. Гранд-финалда командалар үш жеңіске дейін ойнайды – чемпион ең көп дегенде бес ойынның қорытындысы бойынша анықталады», – деп толықтырды Спорт министрлігі.

Турнир Қазақстандағы осы жаздың ең ірі киберспорттық оқиғаларының бірі болады деп күтілуде. Dota 2 жанкүйерлері үшін бұл әлемдік деңгейдегі жұлдыздарды тірідей көруге және Қазақстан командасына жанкүйер болуға сирек кездесетін мүмкіндік.

Айта кетейік, осыған дейін киберспорттан World Esports Championship 2027 әлем чемпионаты Қазақстанда өтетінін жазған едік.