
Ақтөбеде жаяу жүргінші мен жүргізуші арасындағы жолдағы жанжал адам ұрлау дерегімен аяқталды.
Kriminal Kazakhstan ақпаратына қарағанда, күдіктілер ер адамды таксиден күштеп шығарып, Lexus көлігінің жүксалғышына салып әкеткен.
Ерегіс ескертуден басталған
Полицияның мәліметінше, оқиға жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан адамның жүргізушіге ескерту жасауынан басталған.
Кейін күдіктілер ер адамды үйінің маңында күтіп алып, оның отырған такси көлігінің жолын бөгеген. Артынша жәбірленушіні көліктен күштеп шығарып, Lexus автокөлігінің жүксалғышына салып алып кеткен.
Адам ұрлау бабы
Адамды күштеп әкету сәті жолдан өтіп бара жатқан көліктің бейнетіркеуішіне түсіп қалған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында арнайы мақсаттағы бөлімше қызметкерлерінің көмегімен күдіктілер ұсталды.
Аталған факті бойынша адам ұрлау бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Мұның алдында никаб киіп ұрлық жасаған екі ақтөбелік әйел ұсталған болатын.