
Бас прокуратура сайлау алдындағы үгіт жүргізу науқаны басталатынына байланысты үндеу жасады.
Қадағалаушы орган сайлау алдындағы үгіт жүргізудің тәртібі мен шарттары «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 27 және 28-баптарымен реттелгенін ескертеді.
Бас Прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов мемлекет азаматтарға, қоғамдық бірлестіктерге белгілі бір кандидатты, саяси партияны қолдап немесе оған қарсы кедергісіз сайлау алдындағы үгіт жүргізу құқығына кепілдік беретінін айтады.
Үгіт БАҚ және онлайн-платформалар арқылы, сайлауалдындағы жария
іс-шараларды өткізу және үгіт материалдарын тарату жолымен жүзеге асырылады.
БАҚ-та үгіт-насихат қалай жүргізілмеуі керек
Бас прокуратура телерадио хабарларын тарату субъектілері жаңалықтар мен талдау бағдарламаларда үгіт материалдарын таратуға құқылы емес екенін еске салады.
«Осы талапты бұзу Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 112-бабының 1-1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады (айыппұл 50 АЕК)», делінген хабарламада.
Одан бөлек кандидат не олардың сенiм бiлдiрген адамдары болып тiркелген журналистердiң, бұқаралық ақпарат құралдары редакциялары лауазымды адамдарының сайлауды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көрсетуге қатысуына құқығы жоқ.
Бұл Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 122-бабының 3-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады (айыппұл 20 АЕК).
БАҚ міндеттеледі
«БАҚ кандидаттардың, саяси партиялардың сайлау науқанын, олардың сайлау алдындағы іс-шараларының мақсаттарын, міндеттері мен нәтижелерін, сондай-ақ олармен байланысты оқиғалар мен фактілерді бұрмаламай, объективті түрде жариялауға міндетті, – дейді Ерлан Өтегенов.
Сонымен қатар, БАҚ және онлайн-платформаларды пайдаланушылар кандидаттың немесе саяси партияның абыройына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне көрнеу нұқсан келтіретіні анық үгіт материалдарын және өзге де ақпаратты жариялаудан тартынуға міндетті.
«Осы талаптар сақталмаған жағдайда, сондай-ақ көрсетілген адамдарға ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау мақсатында теріске шығаруды тегін жариялау мүмкіндігін беруден бас тартқан жағдайда Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 112-бабының 1 және 2-бөліктеріне сәйкес әкімшілік жауаптылық көзделген (айыппұл 20-дан 50 АЕК-ке дейін)», – делінген хабарламада.
Тең мүмкіндіктер
Партиялық тізімдерді ұсынған кандидаттар мен саяси партияларға сайлау алдындағы үгiт жүргізу үшін БАҚ тең қол жеткізу жағдайларын қамтамасыз етуге тиіс.
БАҚ бір саяси партияның үгіт материалдарын шарттық негізде орналастыруына келісім беруі партиялық тізімдерді ұсынған басқа саяси партиялардың да үгіт материалдарын орналастыруына келісім берген болып есептеледі.
Егер БАҚ осы талапты бұзса, онда бұл Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 112-бабының 4 және 6-бөліктеріне сәйкес әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады (айыппұл 20-дан 50 АЕК-ке дейін).
Шарттық негізде үгіт материалдарын орналастыру жөніндегі қызметтерді көрсететін БАҚ және онлайн-платформалар үгіт басталғанға дейін кемінде 5 күн бұрын Орталық сайлау комиссиясына орналастыру құны мен шарттары туралы мәліметтерді ұсынуы қажет.
Үгіт материалдарын Орталық сайлау комиссиясы көрсетілген мәліметтерді жариялағаннан кейін ғана орналастыруға болады.
Көрсетілген талаптарды сақтамаған жағдайда Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 112-бабының 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауаптылық көзделген (айыппұл 30-дан 50 АЕК-ке дейін).
Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары кандидаттарға сайлаушылармен кездесулер өткізу үшін шарттық негізде үй-жайлар береді.
Олар бірыңғай және тең жағдайларда ұсынылуға тиіс.
Осы талаптарды бұзу Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 123-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады (айыппұл 30 АЕК).
Мәліметтердің ашықтығы
Бас проккуратура хабарламасына сәйкес, үгіт материалдарына қатысты олардың құрамында осы материалдарды шығарған ұйым туралы (баспа материалдары бойынша – басылған орны мен таралымы туралы), тапсырыс берген адамдар және қандай қаражат есебінен төленгені туралы мәліметтер болуы тиіс екенін ескеру қажет.
Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде үгіт материалдарын дайындауға, жасырын (анонимді) үгітматериалдарын таратуға, сондай-ақ ағымдағы сайлау науқаны үшін дайындалмаған үгіт материалдарын пайдалануға тыйым салынады.
Онлайн-платформаларға қатысты бұл талаптар онлайн-платформаларды пайдаланушылар үгітматериалдарын шарттық негізде дайындаған жағдайда қолданылады.
«Осы талаптарды бұзу Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 113-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады (айыппұл 25 АЕК).
Меншік иесінің немесе өзге де иеленушінің келісімімен ғимараттарда, құрылыстарда және өзге де объектілерде орналастырылған үгіт материалдарын қасақана жою немесе бүлдіру Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 114-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады (айыппұл 15 АЕК)», – делінген үндеуде.
Еске сала кетейік, Құрылтай сайлауы қарсаңындағы үгіт-насихат кезеңі 23 шілдеде кешкі сағат 18:01-де басталады.
Құрылтайдағы 145 депутаттық мандат үшін жеті партиядан барлығы 545 кандидат бақ сынайды.
- «Әділет» партиясы – 186 кандидат;
- «Respublica» партиясы – 75 кандидат;
- Қазақстан халық партиясы (ҚХП) – 72 кандидат;
- «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 69 кандидат;
- «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы – 63 кандидат;
- «Байтақ» жасылдар партиясы – 47 кандидат;
- Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) – 33 кандидат.
Үгіт-насихат кезеңі 21 тамызға дейін жалғасады. 22 тамыз – тыныштық күні. Құрылтай сайлауы 23 тамызда өтеді.