Жаңалықтар

«Өзіңе ғана сен»: мемлекет зейнетақыны инфляциядан қорғаудан неге бас тартып отыр

Фото: shutterstock

Қазақстанда азаматтардың зейнетақы жинақтарын қорғау тетіктерін қайта қарау ұсынылып отыр. Осы уақытқа дейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) инвестициялық кірістілігі инфляция деңгейінен төмен болса, азамат зейнетке шыққан сәтте арадағы айырманы республикалық бюджет өтеп беретін.

Енді реформа шеңберінде мемлекет бұл кепілдіктен бас тартып, барлық инвестициялық тәуекелді салымшылар мен активтерді басқарушы компанияларға артқысы келеді.

Процесс іске асса, бұрынғыдай инфляциялық шығынды бюджеттен субсидиялау тоқтатылып, жинақтардың тағдыры нарық заңдылықтарына тәуелді болады.

Экономист Айдархан Құсайынов бастаманы қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы жүйесін қайта құрудың заңды әрі кезекті кезеңі деп есептейді.

Сарапшының пайымдауынша, бұл қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілік ұғымына деген көзқарасты түбегейлі өзгертеді. Ол мұндай шешімді «дұрыс қадам» деп бағалап, халық арасында әлеуметтік мемлекет идеясы бұрмаланғанын алға тартады.

«Көпшілік әлеуметтік мемлекет идеясын өте бұрмалап түсінеді, ол ақша қосып, көмектесіп отырады деп ойлайды. Әлеуметтік сипат халыққа ақша жұмсауда емес, оны тек өзіне ғана сенуге үйретуде жатыр», — дейді Айдархан Құсайынов.

Экономистің пікірінше, шын мәніндегі әлеуметтік мемлекет – бұл барлық азаматтың дербес болуы және тек өзіне сенуі. Мұндай қоғамда азаматтар дербес болу құқығы үшін мемлекетке салықты да жауапкершілікпен төлейді.

Сонымен қатар сарапшы бұл процесті осыдан бірнеше жыл бұрын басталған саясаттың жалғасы деп көреді.