Жаңалықтар

Палуан Ризабек Айтмұхан аралас жекпе-жекке шығатынын мәлімдеді

Палуан Ризабек Айтмұқан мен UFC жұлдызы Шавкат Рахмонов
Файтер мен палуан кездесті / фото: Instagram/Rizabek Aitmukhan

Еркін күрестен әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан файтер Шавкат Рахмоновпен бірге түскен суретін жариялап, аралас жекпе-жекке шығатынын мәлімдеді.

«Қарастырдық. Сөйтіп UFC-ге шығатын болдым», – деп сипаттады Ризабек файтермен бірге түскен суретін.

22 жастағы палуанның таңдауын әлеуметтік желідегілердің бір тобы қостады. Олар Ризабек пен Шавкат UFC чемпионы белбеуін Қазақстанға әкеледі деп сенеді.

Дегенмен қарсы шығып жатқандар да баршылық. Олар Ризабектен Олимпиада чемпионы атанбайынша, күресті тастамауды сұрайды.

Алайда Ризабектің бапкері Еркебұлан Кешубаев атақты палуан аралас жекпе-жекке өтеді деген әңгімені Kursiv.Media тілшісіне жоққа шығарды.

Оның үстіне палуан бір күн бұрын Instagram-дағы парағына шағын сұхбаттан үзінді жариялап, Олимпиада чемпионы атағы мен RAF (Real American Freestyle) белбеуін жеңіп алғысы келетінін мәлімдеген.

2023 жылы Ризабек Айтмұхан 92 кг салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды. Алайда мұндай салмақ Олимпиада ойындары бағдарламасына кірмейтіндіктен, ол 2024 жылы Париждегі ойындарға бара алған жоқ.