
Астанада аэротакси алғаш рет көпшілікке таныстырылады. Демонстрациялық ұшу 24 шілде күні таңертең «Қазанат» ипподромының аумағында ұйымдастырылады. Алайда ауа райы қолайсыз болса, ұшу кейінге шегерілуі мүмкін.
Іс-шара сағат 09:00-де басталады. Ұйымдастырушылар қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты көрсетілімнің күні мен уақыты өзгеруі мүмкін екенін ескертті.
Қандай әуе таксиі таныстырылады
Көрсетілім барысында Астана көгіне электрлі әуе көлігі (eVTOL) AutoFlight Prosperity көтеріледі. Оған дәстүрлі ұшу-қону жолағы қажет емес, өйткені шағын алаңнан тік көтеріліп, сол жерге қайта қона алады.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, аппарат бір ұшқыш пен бес жолаушыға арналған. Оның ең жоғары жылдамдығы сағатына 200 шақырымға дейін жетеді, ал бір рет қуаттағанда 200 шақырымға дейін ұша алады.
Көрсетілімге қатысу тәртібі әзірге жарияланған жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін мамыр айында Алатау қаласында Қазақстандағы алғашқы аэротакси сынақтан өткен болатын. Сынақ барысында қытайлық AutoFlight компаниясының eVTOL (тік ұшып-қона алатын электрлі әуе аппараты) технологиясы негізіндегі әуе таксиі таныстырылды.