Жаңалықтар

Қазақстанның астық пен ұн экспорты 13,5 млн тоннаға жетті

Фото: kursiv.media архиві

Қазақстанның астық және ұн экспорты жаңа рекорд орнатты. 2025 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы 17 шілдеге дейін шетелге 13,5 млн тонна өнім жөнелтілді. Бұл өткен маусыммен салыстырғанда 16%-ға көп. Экспорттың артуына Орталық Азия елдері мен Ауғанстан тарапынан сұраныстың күрт өсуі әсер етті.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мәліметінше, аталған кезеңде астық пен астыққа шаққандағы ұн экспорты 13,5 млн тоннаға жетті. Салыстырмалы түрде айтқанда, өткен маусымда сыртқы нарықтарға 12 млн тонна өнім экспортталған болатын.

Ең ірі экспорттық нарықтар

Экспорт көлемінің артуына Орталық Азия елдері мен Ауғанстаннан келген сұраныстың көбеюі әсер етті.

Атап айтқанда:

  • Өзбекстанға экспорт 37%-ға өсіп, 5,6 млн тоннаны құрады;
  • Қырғызстанға экспорт 1,4 есеге артып, 504 мың тоннаға жетті;
  • Ауғанстанға экспорт 59%-ға ұлғайып, 2,2 млн тоннаны құрады;
  • Түрікменстанға экспорт 34%-ға өсіп, 210 мың тоннаға жетті.

«Жүк тасымалы көрсеткіштерінің оң өсімі қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныстың жоғары екенін айғақтайды. Сондай-ақ бұл экспорттық логистиканы дамыту және шетелдік серіктестермен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту бағытында қолға алынған шаралардың нәтижелі екенін көрсетеді», – деп мәлімдеді Ауыл шаруашылығы миинстрлігі.

Айта кетейік, бұған дейін 2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда 4,1 млн тонна астық тасымалданғаны хабарланған болатын. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15%-ға көп. Оның ішінде 3,2 млн тоннасы экспортқа жөнелтілсе, 0,9 млн тоннасы ішкі нарыққа жеткізілген.