
Kia компаниясы АҚШ-та Seltos кроссоверінің екінші буынын таныстырды. Жаңа модель көлемі жағынан үлкейіп, техникалық мүмкіндіктері кеңейіп, жүргізу жайлылығы жақсарған. Бұл туралы Autoblog порталы хабарлады.
Автожурналист Коул Аттиша жаңа Seltos көлігін сынақтан өткізіп, оның жолдағы мінезін, интерьеріндегі жаңалықтарды және гибридті нұсқасының ерекшеліктерін атап өтті.
Жаңа Seltos қалай жүреді
Екінші буындағы Seltos флагмандық Telluride моделінің стилінде толықтай жаңартылған дизайнға ие болды. Алайда модельдің ең үлкен өзгерісі сыртқы келбетінде емес, жүргізу сипатында.
Сынақ барысында журналист көлікті шамамен бес сағат тізгіндеп, қала көшелерінде, тасжолда және таулы аймақтарда жүргізіп көрген. Журналистің айтуынша, жаңа Seltos-тың басты артықшылығы – спорттық сипатында емес, күнделікті жүргізуге ыңғайлы әрі жайлы болуында. Аспасы, рульдік басқару жүйесі, қозғалтқышы мен беріліс қорабы әртүрлі жол жағдайларында көлікті сенімді басқаруға мүмкіндік беретіндей реттелген.

АҚШ-та кроссовер екі бензинді қозғалтқыш нұсқасымен ұсынылады. Базалық нұсқа 147 ат күшіне ие 2,0 литрлік атмосфералық қозғалтқышпен және вариатормен жабдықталған. Ал ең жоғары X-Line SX AWD нұсқасына 190 ат күшіндегі турбоқозғалтқыш, классикалық 8 сатылы автоматты беріліс қорабы және толық жетекті жүйе орнатылған. Сынақтан дәл осы нұсқа өткен.
Журналистің айтуынша, қозғалтқыш қуаты көп жағдайда жеткілікті. Алайда жылдам басып озу кезінде автоматты беріліс қорабы кейде төменгі беріліске ауысуға сәл баяу әрекет етеді. Көлік шанағы биік болғанымен, бұрылыстарда қатты шайқалмайды. Жалпы алғанда, жаңа кроссовер алдыңғы буынға қарағанда едәуір жетілген модель ретінде сезіледі.
Кейін модель қатарына толық жетекті гибрид нұсқасы қосылады. Журналистің пікірінше, бұл нұсқа шағын SUV сегментіндегі ең тартымды модельдердің біріне айналуы мүмкін.
Салондағы басты өзгерістер

Алдыңғы панель Kia-ның жоғары деңгейлі модельдерінің стилінде жасалған. Басты ерекшелігі – көлемі 30 дюймге жуық дисплейлер блогы. Ол цифрлық аспаптар панелі мен мультимедиялық жүйенің экранын біріктіреді.
Базалық жинаққа мыналар кіреді:
- 12,3 дюймдік сенсорлы экран;
- сымсыз Apple CarPlay және Android Auto жүйелері;
- электронды көмекшілердің кең жиынтығы.
Қымбат нұсқаларда панорамалық шатыр, жан-жақты шолу камералары, орындықтарды желдету, рульді жылыту, бағдарламалық жүйені қашықтан жаңарту мүмкіндігі, Terrain Mode режимі және 19 дюймдік дөңгелек дискілері ұсынылады.
Журналистің айтуынша, бұл класстағы көлік үшін салон әрлеу материалдары жағымды әсер қалдырады. Сонымен қатар артқы қатардағы орын кеңейіп, жүксалғыш көлемі де айтарлықтай ұлғайған.
Жаңа Seltos Қазақстанда сатыла ма?

Әзірге Kia компаниясы Seltos моделінің екінші буынын Қазақстан нарығына шығару туралы ақпарат жарияламады. Алайда модельдің танымалдығын және Kia көліктерінің Қазақстанда өндірілетінін ескерсек, жаңа нұсқаның елімізде пайда болу ықтималдығы жоғары.
Қазіргі таңда Қазақстан нарығында сатылып жатқан Seltos 149 ат күшіне ие 2,0 литрлік қозғалтқышпен жабдықталған. Оның бағасы 11–13,5 млн теңге аралығында.
Айта кетейік, бұған дейін Kia K9 седаны Оңтүстік Кореяда брендтің флагмандық үлгілерінің бірі ретінде шығарылып келді. Енді компания седан өндірісін 14 жылдан кейін тоқтатуды жоспарлап отыр.