
Алматы қаласында жыл басынан бері 41 заңсыз нысан сүрілді. Осындай тапсырманы мегаполис әкімі Дархан Сатыбалды берді.
Әкімдік мәліметінше, тағы 74 сот шешімі орындалу сатысында тұр. Үкім заңсыз салынған нысандарды толық немесе жартылай сүріп тастауды көздейді.
«Жыл басынан бері басқарма 1072 жоспардан тыс тексеру жүргізді. Оның қорытындысы бойынша жалпы сомасы 383,9 млн теңгеге айыппұл салынып, анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы 432 нұсқама берілді», – деп таратты Алматы билігі.
Бұған дейін Дархан Сатыбалды қаладағы заңсыз дүңгіршектер мен сауда павильондарының бәрін сүріп тастауды бұйырған. Қалада мұндай 1,6 мыңға жуық сауда нысаны бар.