Жаңалықтар

Алматының тарихи орталығында 60 үйдің қасбеті өзгереді

фото: Алматы қаласы әкімдігі

Алматының Алмалы ауданында 60 тұрғын үйдің қасбеті бірыңғай қалалық дизайн-кодқа сәйкес қайта жаңартылып жатыр. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігі хабарлады.

Қазірдің өзінде Назарбаев даңғылы, 161 және Шевченко көшесі, 51 мекенжайларындағы үйлердің жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Жоба аясында ғимараттың беріктігін сақтау үшін бірінші қабаттарға вандализмге төзімді гранит, ал жоғарғы қабаттарға жеңіл әктас қолданылуда.

Көшелерге сән беріп, қауіпсіздікті арттыру үшін жаңартылған ғимараттарға арнайы сәулеттік жарықтандыру жүйесі орнатылады.

Сонымен қатар тұрғындардың жайлылығы үшін барлық сәулеттік шешімдер мен құрылыс материалдары үй иелерімен алдын ала келісілген.

Бұған дейін Алматы қаласында жыл басынан бері 41 заңсыз нысан сүріліп, тағы 74 сот шешімі орындалу сатысында тұрғанын жазғанбыз.