Жаңалықтар

Бас прокуратура: жүздеген мұғалімнің жеке дерегі жарияланып кетті

оқушы мұғалім мектеп компьютер сабақ
Ұстаз бен оқушы. Көрнекі сурет / фото: gov.kz

Шығыс Қазақстан облысында Ұлан ауданының жүздеген мұғалімінің дербес деректері жарияланып кеткен. Прокуратура оны дер кезінде анықтап, шара қолданды.

Бас прокуратура мәліметінше, Ұлан ауданындағы мектептер мен балабақшаларда істейтін 600-ден астам педагогтің дербес деректері тарап кете жаздады. Жеке мәліметтер міндетті медициналық тексеруден өткізу бойынша қызметтерді сатып алу туралы хабарландыруға қоса тіркелген. Қызметкерлердің жеке дерегі (ТӘА мен ЖСН), атқаратын лауазымы, тұрғылықты мекенжайы және жеке байланыс телефон нөмірі Мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған.

«Құпия ақпараттың таралуына тікелей қауіп төндірді», – деп есептейді құзырлы мекеме.

Прокуратура 611 қызметкердің заңсыз жарияланған мәліметтері көпшілікке ашық порталдан өшірілді. Құзырлы мекеме кінәлі лауазымды тұлғалар жауапқа тартылғанын хабарлады.

Бас прокуратура дербес деректерді заңсыз жинаған, өңдеген немесе таратқандар әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартылатынын ескертті.