
Әлеуметтік желі қолданушылары Астанадағы Akashi дата-орталығының құрылысынан жүргізіліп жатқан онлайн-көрсетілімдегі ерекше көрініске назар аударды.
Бейнежазбадан құрылыс алаңына қойылған үлкен тақтада екі құрылыс экскаваторы шахмат тастарын жылжытып жатқанын көруге болады. Видео Telegram-каналдар мен әлеуметтік желілерде тез тарап кетті.
Кейін белгілі болғандай, жоба командасы Қазақстан шахмат федерациясымен (KazChess) бірлесіп, тура құрылыс алаңында шахмат партиясын ойнаған, осылайша Халықаралық шахмат күнін атап өткен.
«Жақында біз сайтымызда құрылыстың тәулік бойы көрсетілетін трансляциясын іске қостық. Кейін алаңда ара-тұра шағын перформанстар ұйымдастырып тұрған қызық болар деп шештік. Бұл – жобаны бақылап отырғандарға да, жай қызығушылық танытқандарға да құрылыс алаңына көз жүгіртіп отыруға жақсы себеп», – деп атап өтті Akashi өкілдері.
Компания өкілдері шахмат ойыны осыған ұқсас тәжірибелердің тек басы екенін жеткізді. Алдағы уақытта құрылыс алаңында өзекті оқиғаларға арналған өзге де ерекше инсталляциялар мен перформанстар ұйымдастырылуы мүмкін. Астанада салынып жатқан Akashi дата-орталығы Орталық Азиядағы ең ірі коммерциялық дата-орталық әрі өңірдегі Tier IV деңгейіндегі алғашқы коммерциялық нысан болмақ. Мұндай сенімділік деңгейі әлемдегі дата-орталықтардың 3%-ындай бөлігіне ғана берілген. Нысанның құрылысын нақты уақыт режимінде жобаның ресми сайтынан бақылап отыруға болады.