
Еуропа Одағы Ресейге қарсы қабылдаған санкциялардың 21-пакетінде Қазақстанның екі компаниясы бар. Олардың бірі Астанада, екіншісі Петропавлда тіркелген.
Брюссель Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектескен 51 ұйымға шектеу енгізді. Олардың 24-і Ресейде, қалған 27-сі үшінші елдерде тіркелген. Атап айтқанда, Қытайда 14 (оның ішінде Гонконгте – 4), Түркияда 4, Қырғызстанда 3, Үндістанда 2, Қазақстанда 2, Біріккен Араб Әмірліктерінде 2 компания бар.
Санкцияға іліккен қазақ компаниялары
Қазақстандағы екі компанияның атауы құжат қосымшасында аталды. Олар: «ТауКЗ» және «KBR Tekhnologii».
«ТауКЗ» компаниясы 2023 жылғы 17 мамырда Астана қаласында тіркелген. Компания машина және басқа да құрал-жабдықтардың көтерме саудасымен айналысады. Adata.kz мәліметінше, «ТауКЗ» директоры әрі құрылтайшысы – Мураитов Дархан Саматұлы.
Санкцияға іліккен екінші компания – «KBR Tekhnologii» («KБР-Технологии») 2024 жылғы 24 мамырда Петропавл қаласында тіркелген. Компания түрлі тауарлардың көтерме саудасымен айналысады. Adata.kz мәліметінше, компания директоры әрі құрылтайшысы – Тугунбаев Диас Сәкенұлы.
Айта кетейік, «KБР-Технологии» 2024 жылғы жазда АҚШ Сауда министрлігінің санкциялар тізіміне енген.

Қырғыз компаниялары
Қырғызстаннан үш компания шектеуге ілігіп отыр. Олар:
- Rama Group;
- Shisan Ltd.;
- Nova Proekt LLC.
ЕО санкциясына іліккен компаниялар Батыс елдерінен кез келген жоғары технологиялық тауарларды, электроника мен өнеркәсіптік құрал-жабдықтарды тікелей сатып алу мүмкіндігінен толық айырылады. Енді халықаралық және отандық банктер, екінші деңгейлі санкциялардан қорқып, олардың еуро немесе доллармен жасалатын сыртқы төлемдерін бұғаттайды, ал ірі логистикалық операторлар жүктерін тасымалдаудан бас тартады.