Жаңалықтар

Каспий құбыры арқылы мұнай тасымалының тоқтауы теңге бағамына қалай әсер етеді

Мұнай тасымалы қайта жанданбаса теңге бағамына не болады / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Каспий Құбыр Консорциумын (КҚК) Қара теңіздегі терминалдарына дрон түскен соң, танкерлерге мұнай тиеу уақытша тоқтады. Бұл құбыр арқылы Қазақстанның Қашаған, Қарашығанақ, Теңіз кен орындарында өндірілген мұнайдың 80 пайызы Еуропа елдеріне тасымалданады.

Құбыр жұмысының тоқтауы салдарынан Қазақстан мұнай өндірісін азайтты. Бюджет пен Ұлттық қорға ақша шетелге сатылған мұнай есебінен түсетіндіктен, бұл жағдай Қазақстан үшін тиімсіз.

Дегенмен Ұлттық банк төрағасы Тиму Сүлейменов мұнай тасымалы алдағы уақытта қалпына келетініне сенім білдіре отырып, осы жайт теңге бағамына қатты әсер етпейді деп тұжырымдайды.

«КҚК – негізгі экспорттық құбыр, сәйкесінше, экспорттық валюталық түсім де көбіне оның жұмысына байланысты. Бiз (…) қандай да бір үлкен ауытқу болады деп болжап отырған жоқпыз. Қиындық туындаса, қолдана алатын құралдар жиынтығы бар. Бұл алтын-валюта резервіне де, айналы операцияларына да қатысты. Яғни валюта бағамы нарықтан тыс құбыла бастаса, араласа аламыз», – деді Сүлейменов.

Оның айтуынша, реттеуші кез келген тосын жағдайға дайын. Валюта бағамын тұрақтандыру үшін алтын-валюта қоры мен басқа да қаржы құралдары толық қолданылады.

Алайда 24 шілде күнгі сауда ашыла сала, доллар 5 теңгеге қымбаттады.