Жаңалықтар

Қазақстанға келген Zeekr 9X көлігі 30 сағатқа бұғатқа түскен – компания жауап берді

zeekr-cars.uz, бильд-редактор: Адэлина Мамедова
zeekr-cars.uz, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Zeekr 9X жол талғамайтын көлігінің иесі, қытайлық саяхатшы Қазақстан шекарасынан өткеннен кейін, көліктің интеллектуалды жүйесі бұғатқа түсіп қалған.

Сarnewschina ақпаратына қарағанда, жаңа көлік иесі 30 сағаттан астам уақыт жолда осындай қиындыққа тап болды.

Қорғаныс режимі қосылған

Көлік иесі өзін Лю мырза деп таныстырған. Оның айтуынша, Еуропаға бағытталған сапары кезінде көліктің навигациясы, жүксалғышы және жанармай багының электронды қақпағы жұмысын тоқтатқан. Соның салдарынан көлік мүмкіндіктерінің біраз бөлігі қолжетімсіз болған.

Лю мырза шамамен 500 мың юаньға (73,5 мың доллар) бағаланатын жаңа көлікті алты ай бұрын сатып алыпты. Ол сапарын 8 шілдеде бастап, 16 шілдеде Қазақстанға кірген кезде жүйе автоматты түрде қорғаныс режимін іске қосқан.

Оның айтуынша, сапар алдында дилерлік орталыққа шекара асып жүретінін ескерткен. Алайда мұндай шектеу туралы ешкім хабарламаған.

Zeekr бұғаттаудың себебін түсіндірді

23 шілдеде Zeekr компаниясының өкілі National Business Daily басылымына көліктің шетелде екені анықталғаннан кейін кіріктірілген қауіпсіздік механизмі іске қосылғанын айтты.

Компанияның мәліметінше, бұл – көлік ұрлығының, заңсыз экспорттың және контрабанданың алдын алуға арналған стандартты қауіпсіздік шарасы.

Көлік жүргізуге кедергі келтірмейді

Zeekr бұл механизм қозғалтқыш, трансмиссия немесе тежегіш жүйесіне әсер етпейтінін атап өтті. Яғни көлікті жүргізуге болады.

Сондай-ақ, зарядтау порты қолмен ашылады. Жанармай багының қақпағын салондағы апаттық белгі беру батырмасын бес секунд басып тұру арқылы да ашуға болады.

Пайдаланушы шетелге шығуының заңдылығын растағаннан кейін компания арнайы авторизация коды арқылы шектеуді алып тастай алады.

Компания жетілдіруге уәде берді

Алайда Zeekr уақытша бұғаттан шығару тек бір ел аумағына ғана жарамды екенін ескертті. Егер жүргізуші бірнеше мемлекет арқылы өтсе, жүйе қайтадан қорғаныс режимін іске қосуы мүмкін.

Компания пайдаланушылардың пікірін ескере отырып, халықаралық сапарларға арналған қауіпсіздік жүйесін жетілдіру жұмыстарын жалғастыратынын мәлімдеді.

Айта кететін жайт, Zeekr 7 GT және Zeekr 007 модельдері мыңға жуық шақырымды бағындыра алады.