
Ресей Мемлекеттік Думасында Орталық Азия елдеріне қатысты көші-қон саясатын қатайту ұсынылды. Бұл бастаманы «Справедливая Россия» фракциясының жетекшісі Сергей Миронов көтерді.
Мироновтың айтуынша, «Крокус Сити Холлдағы» терактіден кейін заңнамаға енгізілген өзгерістерге қарамастан, көші-қонды реттеу бойынша қолданыстағы шаралар жеткіліксіз.
«Біз жалпы Орталық Азия елдерімен визалық режим енгізуге болады деп есептейміз. Бірақ ең құрығанда Беларусь принципі бойынша жасайық», – деді депутат.
Ол шетелдік жұмыс күшін тартудың беларусьтік моделін қолдануды ұсынды. Оның сөзіне қарағанда, жұмыс беруші алдымен қажетті жұмысты жергілікті тұрғындардың орындай алмайтынын дәлелдеуі керек.
Мироновтың пікірінше, елге тек ер адамдар нақты жұмыстарды орындау үшін және отбасыларын көшіріп әкелу мүмкіндігінсіз келуі тиіс. Сондай-ақ, депутат өз қолындағы мәліметтер бойынша, Ресейге келетін шетелдіктердің тек бір бөлігі ғана жұмысқа орналасу үшін келетінін мәлімдеді.
«ІІМ мәліметінше, келушілердің 45%-ы жұмыс істеуге жиналады. Ал қалған 55%-ы бұл жерге не үшін келеді? Олар отбасыларын, орысша сөйлей алмайтын, кейін мектепке баратын балаларын алып келеді. Сондықтан мигранттардың балалары үшін орыс тілінен міндетті емтихан тапсыру туралы заңды мүлдем дұрыс деп санаймын», – деді Миронов.
Сонымен қатар, фракция жетекшісі қылмыс жасаған шетелдік азаматтар үшін жауапкершілікті қатайтуды жақтады.
«Мигрант заң бұзды ма – заңның барлық қаталдығымен жауап беруі керек, ал бүкіл отбасы, бүкіл клан Ресей Федерациясынан дереу депортациялануы тиіс», – деп мәлімдеді ол.
Бұдан бөлек, Миронов шетел азаматтарының жұмыс істеуіне тыйым салынатын экономика салаларының тізбесін кеңейтуді ұсынды. Оның айтуынша, мұндай шектеулер Ресей өңірлерінің жартысынан астамында қолданылып үлгерген және дәл осындай шараларды федералдық деңгейде де қабылдау қажет. Сөз сөйлеу барысында депутат аралас жекпе-жек клубтарында мигранттардың көп болуы өзін мазалайтынын да айтты.
«Кез келген өңірдегі кез келген жекпе-жекке арналған ММА клубына кіріп көріңізші! Ол жерде біздікілер жоқ, бәрі мигранттар! Олар не нәрсеге дайындалып жатыр? Не үшін? Бұл қатты алаңдатады!» – деді Миронов.
Еске сала кетейік, Мәскеу маңындағы «Крокус Сити холлда» 2024 жылдың 22 наурызында аса ірі теракт болды. Қарулы адамдар «Пикник» тобының концертіне келген көрермендерге оқ жаудырды.