
23 шілдеде Семей қаласының Қарағайлы шағын ауданында бірден жазатайым екі оқиға орын алды. Ауданда екі бірдей жас бала терезен құлап, біреуі қайтыс болды.
Бірінші жағдайда 2 жасар бала алтыншы қабатта орналасқан пәтердің терезесінен құлап кеткен. Алған жарақаттарынан сәби оқиға орнында көз жұмды.
Екінші жағдайда екінші қабаттың терезесінен 3 жасар бала құлаған. Ол ауруханаға жатқызылды және қазіргі уақытта дәрігерлердің бақылауында.
Екі оқиға да Қарағайлы шағын ауданында болған. Орын алған қайғылы жағдайларға байланысты Абай облысы полиция департаментінің қызметкерлері профилактикалық жұмыстарды дереу күшейтті.
Кешкі уақытта полицейлер тұрғын кварталдарды аралап, дауыс күшейткіштер арқылы тұрғындарға жас балаларды, әсіресе терезелері ашық бөлмелерде қараусыз қалдырмау туралы үндеу жолдады.
Абай облысының полиция департаменті ата-аналар мен заңды өкілдерді қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады:
- жас балаларды қараусыз қалдырмау;
- терезелердің жанына бала терезе алды тақтайына өрмелеп шыға алатындай жиһаз қоймау;
- терезелерді ашуды шектейтін арнайы блоктауыштар немесе шектегіштер орнату;
- тіпті бірнеше секундтық назардан тыс қалудың орны толмас қайғыға әкеп соғуы мүмкін екенін есте сақтау.
Азаматтардың ерекше назары москит торларының жалған қауіпсіздік сезімін тудыратынына аударылды. Олар баланың салмағын көтере алмайды және құлаудан қорғамайды.
Айта кетейік, осыған дейін жыл басынан бері 169 бала терезеден құлап кеткені туралы жазған едік.