Жаңалықтар

Шымкент кәсіпкерлері Өзбекстанға жиһаз бен құрылыс материалын сатпақ

фото: kursiv.media

Шымкент кәсіпкерлері Өзбекстанға жиһаз бен құрылыс өнімдерін сатуды жоспарлап отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі тарап арасындағы тауар айналымы 330 млн доллардан асты.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов Қазақстан мен Өзбекстан өңірлері басшылары кеңесінің бірінші отырысында мәлімдеді.

Қала басшылығының айтуынша, өңіраралық экономикалық байланыс жыл санап артып келеді. Атап айтқанда:

  • Экспорт көлемі: Қала өндірушілері көрші елге 248 млн доллар өнім жөнелтті
  • Импорт көлемі: Өзбекстаннан 83 млн долларға тауар әкелінді;
  • Жалпы тауар айналымы: 331 млн долларды құрады.

«Шымкент Өзбекстанмен шектеседі және Ташкент қаласынан бар-жоғы 100 шақырым жерде орналасқан. Өткен жылы мегаполистің жалпы өңірлік өнімі (ЖӨӨ) $12 млрд-қа жетті. Ендігі меже – құрылыс және жиһаз өнеркәсібі өнімдерін де өзбек нарығына белсенді түрде шығару», – деді Арман Сәбитов.

Бүгінгі таңда Шымкентте өзбек капиталының қатысуымен 283 кәсіпорын тіркелген. Қос тарап қазіргі уақытта бірлескен ауқымды инвестициялық жобаларды да жүзеге асырып жатыр.

Ақтауда өткен Қазақстан мен Өзбекстан өңір басшыларының алғашқы кеңесінде 80 млрд теңгеден асатын келісімдер жасалды. Тараптар өзара сауда көлемін 10 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр.