Банк пен қаржы

Ұлттық банк қызметкерлер сыйақысына қатысты дауға жауап берді

Фото: Ұлттық банк

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова өзіне салынған айыппұлға қатысты пікір білдірді. Айыппұл Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотының шешімімен тағайындалған.

Айыппұл Ұлттық банктің алтын-валюта активтерінің инвестициялық портфелін басқаруға қатысы жоқ қызметкерлерге басшылық тарапынан төленген сыйақыларды қайтару туралы нұсқаманы уақытында орындамауға байланысты салынған.

Ұлттық банк бұл қаражатты 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін қайтаруы тиіс болған.

Әлия Молдабекова заңсыз төленген сыйақының жалпы көлемін жарияламады. Ол мұны қызметкерлердің жеке деректерінің құпиялығына байланысты екенін түсіндірді.

«Маған әкімшілік құқық бұзушылық бойынша айыппұл салынды. Себебі Жоғары аудиторлық палатаның белгіленген мерзіміне дейін нұсқаманы толық орындай алмадық. Дегенмен қажетті шаралардың барлығын қабылдап жатырмыз. Нұсқама кешігіп болса да орындалады. Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін айыппұлды төлеймін. Қаражат қазірдің өзінде қайтарылды. Негізгі мәселе сол ақшаны кері қайтару болатын. Төленген қаражатты қызметкерлерден біртіндеп ұстап қалдық», — деді Молдабекова брифинг барысында.

Бұл жағдайға қатысты Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов те пікір білдірді. Ол тексеру барысында елеулі заң бұзушылықтар анықталмағанын атап өтті.

Оның айтуынша, 2020–2023 жылдары департамент қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарында кейбір міндеттер нақты көрсетілмеген. Алайда қызметкерлер бұл жұмыстарды іс жүзінде атқарған. Соның негізінде оларға 150 мың теңге және одан сәл жоғары көлемде сыйақылар төленген.

Жоғары аудиторлық палата бұл міндеттер лауазымдық нұсқаулықтарда жазылмағандықтан, төлемдерді заң бұзушылық деп бағалаған. Ұлттық банк кейін құжаттарға өзгерістер енгізіп, ішкі ережелерін түзеткен және берілген нұсқамаларды орындаған.

Сүлейменовтің айтуынша, нұсқаманы орындауға уақыт тапшылығы әсер еткен. Сондықтан заң талаптарына сәйкес айыппұл салынған. Ұлттық банк төрағасы сот шешімі күшіне енгеннен кейін айыппұл төленеді деп сендірді.

Еске сала кетейік, аудиторлар Ұлттық банктің активтерді пайдалануын және зейнетақы қаражатын басқару тиімділігін тексерген болатын. Тексеру қорытындысы бойынша 2025 жылдың желтоқсанында Жоғары аудиторлық палата нұсқама шығарды. Құжатта 35 талап көрсетілген, оның екеуін реттеуші белгіленген мерзімде орындай алмаған.

Сондай-ақ бұған дейін Ұлттық банктің басқарма құрамы мен директорлар кеңесіне кіретін топ-менеджерлердің 2025 жылы 2 млрд теңгеден астам сыйақы алғаны хабарланған болатын.