
25 шілдеде Ақтөбе мен Қостанайда, сондай-ақ түнгі уақытта Атырауда қолайсыз метеорологиялық жағдай күтіледі, деп хабарлады «Қазгидромет» РМК.
Синоптиктердің мәліметінше, бұл күндері қалаларда атмосфераның жерге жақын қабатында ластаушы заттардың жиналуына ықпал ететін факторларға байланысты ауа сапасының нашарлауы болжануда.
Қолайсыз метеожағдайлар жел екіпіні бәсеңдеп, тұман және температуралық инверсия сияқты факторлардың бірігуінен туындайды. Олар атмосферадағы зиянды қоспалардың жерге жақын қабатта шоғырланып, таралмай қалуына әсер етеді.
Синоптиктердің ескертуінше, ҚМЖ кезеңінде ластанған ауаның адам денсаулығына кері әсер ету қаупі артады. Әсіресе созылмалы аурулары бар адамдарға сақ болған жөн.
Мамандардың айтуынша, ауаның ластану деңгейіне желдің жылдамдығы, жауын-шашын, ауа ылғалдылығы және температурасы да әсер етеді.
Қандай сақтық шараларын сақтау қажет
Қолайсыз метеожағдай кезінде тұрғындарға ашық ауада болу уақытын қысқартуға, әсіресе, автокөлік жолдары мен ластанған аймақтарға жақын болмауға кеңес беріледі. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ уақыт серуендеуден бас тарту ұсынылады.
Тыныс алу жүйесі, жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдарға және аллергиясы бар азаматтарға қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүру ұсынылады. Сондай-ақ ашық ауада ауыр дене жаттығуларын шектеп, мүмкін болса, оларды жабық ғимарат ішінде орындаған дұрыс.
Айта кетейік, бұған дейін «Қазгидромет» 25 шілдеге арналған ауа райы болжамын жариялаған болатын. Синоптиктердің мәліметінше, Астана мен Алматыда, сондай-ақ еліміздің шығыс өңірлерінде жаңбыр жауып, күн күркірейді. Ал солтүстік және батыс аймақтарда аптап ыстық сақталады.