Жаңалықтар

Қазақстанда шоколад бағасы 30%-ға қымбаттады

Қазақстанда шоколад бір жылда 30%-ға қымбаттады / Фото: shutterstock

Қазақстанда шоколадтың бағасы күрт өсті. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша бұл өнімнің бағасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30,3%-ға қымбаттаған. Мұндай мәліметті Energyprom.kz сарапшылары келтірді.

Мамандардың айтуынша, мұндай жоғары өсім кейінгі жылдардағы рекордтық көрсеткіштердің бірі. Егер 2020 және 2021 жылдары шоколад бағасы жылына шамамен 8–9%-ға өссе, 2022 жылдан бастап бағаның өсуі айтарлықтай жылдамдап, жоғары қарқынмен жалғасып келеді.

Соңғы бір жылда бағаның ең көп өскен кезеңдері 2025 жылдың тамыз және қыркүйек айларына сәйкес келеді. Осы айларда шоколад бағасы бір айдың ішінде тиісінше 3,8% және 4,8%-ға артқан. Ал 2026 жылдың ақпанында тағы бір айтарлықтай өсім болып, өнім бағасы 3,3%-ға қымбаттаған.

Нарықтың басым бөлігі импортқа тәуелді

Сарапшылар шоколадтың қымбаттауына негізгі себептердің бірі ретінде нарықтың импортқа тәуелділігін атап отыр. 2026 жылдың қаңтар–мамыр айларында елдегі шоколад пен кондитерлік өнімдер қорының шамамен 60%-ы импорт арқылы қамтамасыз етілген. Осы кезеңде Қазақстанға 58,5 мың тоннадан астам өнім импортталса, отандық кәсіпорындар шамамен 39 мың тонна өнім өндірген.

Қазақстанда отандық шоколад өндірісі артқанымен, нарықтағы үлесі айтарлықтай өзгермеген. Өндіріс көлемі бір жылда 14,1%-ға өскен, алайда жергілікті өнімнің нарықтағы үлесі шамамен 40% деңгейінде қалған. Ал соңғы жылдары импорттың үлесі керісінше ұлғайған. Мәселен, 2020 жылы шетелдік өнімдердің үлесі 50,6% болса, 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 61,8%-ға жеткен.

Қазақстанға шоколадты қай ел көп жеткізеді

Қазақстанға шоколад жеткізетін негізгі ел – Ресей. Кеден статистикасына сәйкес, 2026 жылдың қаңтар–мамыр айларында Қазақстанға әкелінген шоколад пен құрамында какао бар өнімдердің 73,6%-ы Ресейден жеткізілген.

Сонымен қатар, шоколад бағасының ең көп өсуі ТМД елдерінен келетін өнімдерде байқалған. ТМД елдерінен импортталған шоколадтың құны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43,2%-ға артқан. Ал басқа мемлекеттерден жеткізілетін өнімдер бойынша бұл көрсеткіш 93,6% деңгейінде болған.

Отандық өнім де қымбаттады

Қазақстандық өндірушілер де бағаны көтерген. Алайда отандық өнімдердің қымбаттауы салыстырмалы түрде төмен болып, маусым айының қорытындысы бойынша бір жылда 9,2%-ды құраған.

Соған қарамастан, жергілікті кәсіпорындар экспорт көлемін арттырып келеді. 2026 жылдың алғашқы бес айында Қазақстаннан шетелге шығарылған шоколад көлемі 25%-ға өсіп, 20,1 мың тоннаға жеткен. Ал ішкі нарықтағы сатылым көлемі осы кезеңде 10%-ға артып, 77,4 мың тоннаны құрады.

Сонымен бірге сарапшылар Қазақстандағы шоколад өндіретін кәсіпорындардың өндірістік қуаты толық пайдаланылмай отырғанын атап өтті. 2025 жылы жабдықтардың жүктелу деңгейі 52,2% ғана болған. Бұл соңғы жылдардағы ең төмен көрсеткіштердің бірі.

Айта кетейік бұған дейін ірімшік пен сүзбе өндірісі 39,2%-ға, қант және шоколад қосылған кондитерлік өнім – 21,4%-ға, жарма өндірісі 20,8%-ға өскенін жазған едік.