Жаңалықтар

Венесуэладағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 5,5 мыңнан асты

Фото: REUTERS/Leonardo Fernandez Viloria

Венесуэлада бір ай бұрын болған жойқын жер сілкіністерінен қаза тапқандар саны 5 546 адамға жетті. Бұл туралы Ұлттық ассамблеясының басшысы Хорхе Родригес мәлімдеді, деп хабарлайды Reuters.

Оның айтуынша, тек соңғы бір апта ішінде алған жарақаттарынан тағы 148 адам көз жұмған. Ал жарақат алғандардың жалпы саны 16,7 мың адамнан асты.

Табиғи апат салдарынан 18 мыңға жуық адам баспанасыз қалды. 190 ғимарат толығымен қираған, ал тағы 856 нысанның қатты зақымданғаны сонша, оларды тұруға жарамсыз деп танылған. Үйінділер астынан 6 462 адам құтқарылды. Ең көп зардап шеккен аймақтарда іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатқандықтан, қаза тапқандар саны әлі де өсуі мүмкін.

Билік мәліметінше, 48 мыңға жуық адам медициналық көмек алған. Баспанасыз қалған тұрғындар үшін уақытша лагерьлер ұйымдастырылып, зардап шеккен өңірлерге азық-түлік пен алғашқы қажетті заттар жеткізіліп жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, 25 маусымда таңертең Венесуэлада екі жойқын зілзала болды. Сейсмологтар магнитудасы 7,2 және 7,5 балдық екі қуатты жерасты дүмпуін тіркеді. Олардың арасында шамамен 40 секунд уақыт өткен. Осыдан кейін елде 1,5 мыңнан астам афтершок (қайталама жер сілкіністері) болды.

Дүниежүзілік банктің бағалауынша, апаттан келген шығын шамамен 19,6 млрд долларды құраған. Ал елді қалпына келтіруге 50 млрд долларға дейін қаражат қажет болуы мүмкін.

Шетелден мыңдаған құтқарушы осы елге көмектесуге барды. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жер сілкінісінен зардап шеккен елдің халқына көңіл айтты