
Маңғыстаудың жартасты мешіттері ресми түрде ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енді. Бұл шешім Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өтіп жатқан дүниежүзілік мұра комитетінің 48-ші сессиясында қабылданды.
Ерлан Қарин өзінің Telegram-арнасында хабарлағандай, тізімге бес ескерткіш кірді. Олар Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата және Сұлтан Үпі.
«Бұл – Қазақстан тарихындағы айтулы оқиға. Өйткені, төл мәдени мұрамыз ЮНЕСКО-ның беделді тізіміне соңғы рет 22 жыл бұрын, яғни 2004 жылы қосылған болатын (2003 жылы – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, 2004 жылы – Таңбалы петроглифтері)», – деп жазды Ерлан Қарин.
Президент тапсырмасы
Жерасты мешіттерді ЮНЕСКО тізіміне енгізу жөніндегі жұмыс президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша басталды. Мемлекет басшысы 2024 жылы Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында тиісті тапсырма берген болатын. Қазақстан өкілдері Дүниежүзілік мұра комитетінің сессиясында сөйлеген сөзінде жартасты мешіттер тек құлшылық жасайтын мекен ғана емес, өз заманында білім мен ағартудың өзіндік орталықтары болғанын атап өтті.
«Бұл жартастарда халқымыздың тарихи жады, ата-бабаларымыздың аманаты сақталған», – делінген жазбада.
ЮНЕСКО-ның бағалауы бойынша, нысандар ғасырлар бойғы рухани, мәдени және архитектуралық дәстүрлердің көрнекті үлгісі болып табылады.
Бұл Қазақстанға не береді
Ерлан Қарин атап өткендей, тарихи нысандардың ЮНЕСКО тізіміне енуі әлем назарын кезекті рет Қазақстанға аудартып, отандық туризмге соны серпін әкеледі. Әрі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жол ашады.
ЮНЕСКО тізіміне тағы қандай мұралар енуі мүмкін
ЮНЕСКО-да қазақстандық мұраны ілгерілету жұмыстары жалғасады. Президенттің тапсырмасы бойынша ұйым тізіміне ұлттық номинацияларды қосу жоспарланып отыр. Атап айтқанда:
- таза ағаштан салынған Жаркент мешіті;
- Алматыдағы Вознесенск кафедралды шіркеуі,
- Қаратау петроглифтері;
- хәкім Абайдың «Қара сөздері».