
Қазақстанның бір бөлігін аптап ыстық басса, солтүстік пен шығыста найзағай, бұршақ және қатты жел күтіледі. «Қазгидромет» 26 шілдеге бірнеше өңір бойынша дауылды ескерту жариялады.
Ең жоғары температура Маңғыстау облысында болжанып отыр. 26–27 шілдеде өңірдің кей аудандарында ауа температурасы +43…+47 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Сонымен қатар шаңды дауыл соғып, желдің екпіні секундына 20 метрге дейін жетеді. Өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Атырау облысында ауа температурасы +40…+43 градусқа, Қызылордада +40…+42 градусқа дейін көтеріледі. Түркістан облысында +41 градус, Батыс Қазақстан мен Қостанай облыстарының жекелеген аудандарында да +40 градустан жоғары аптап күтіледі.
Ал Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында жаңбыр, найзағай, бұршақ пен дауыл болуы ықтимал. Кей жерлерде желдің екпіні секундына 20–23 метрге дейін күшейеді.
Синоптиктер аптап кезінде күннің ыстық уақытында далада ұзақ жүрмеуге, жеткілікті су ішуге және ашық отты пайдаланғанда барынша сақ болуға кеңес береді. Елдің көптеген өңірінде табиғи өрт шығу қаупі жоғары.