Жаңалықтар

1,8 млрд теңгеге есірткі сатқан күдікті Грузиядан экстрадицияланды

Есірткі өндірген күдікті Грузиядан экстрадицияланды
Есірткі өндірген күдікті Грузиядан экстрадицияланды / фото: shutterstock

Аса ірі көлемде есірткі өндірісін ұйымдастырып, қылмыстық кірісті заңдастырған күдікті Грузиядан экстрадицияланды. Ол 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылу мүмкін. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.

«Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Қазақстанның Грузиядағы Елшілігінің қолдауымен аталған елден аса ірі мөлшерде психотроптық заттардың заңсыз айналымымен, сондай-ақ қылмыстық кірістерді заңдастырумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Қазақстан азаматын экстрадициялады», – делінген хабарламада.

Тергеу анықтағандай, аталған адам қылмыстық топтың мүшесі бола отырып, Алматы облысы аумағында аса ірі көлемде есірткі өндірісін ұйымдастырған.

Кейіннен дайындалған психотроптық заттардың тектестері осы облыс пен Алматы қаласының аумағында жасырын түрде таратылған.

Тергеп-тексеру барысында қылмыстық топтан 10 келіге жуық психотроптық заттар (мефедрон) алынды.

Күдікті қылмыстық жолмен тапқан ақшаны заңдастыруға тырысқан. Ол 1,8 миллиард теңгеден астам қаражатты әртүрлі қаржылық операциялар мен криптоалмастырғыштар арқылы айналымға түсірсе, тағы 600 миллион теңгеден астам сомаға қымбат жылжымайтын мүлік, бизнес нысандары мен көліктер сатып алған. Бұл активтерге мемлекет пайдасына аудару мақсатында тыйым салынды.

Қазіргі уақытта қылмыстық топ мүшелерінің бір бөлігі сотқа беріліп, олар бойынша сот талқылауы жүргізіліп жатырн. Ал оның кейбір мүшелері, оның ішінде күдікті қылмыстық қудалау органдарынан жалтарып, халықаралық іздестіруге жарияланған.

2026 жылдың қаңтарында ол Грузия аумағында ұсталып, ол жерден Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға берілді.

Қазіргі таңда тұлға тергеу изоляторына қамалды.

Оған тағылған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Синтетикалық есірткі саудасын басқарған күдікті Польшадан Қазақстанға жеткізілді

Бұған дейін синтетикалық есірткі саудасын басқарған күдікті Польшадан Қазақстанға экстрадицияланды. Оған да 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.