Жаңалықтар

Алакөлде туристердің қауіпсіздігі қалай сақталады – ТЖМ мәліметі

Шағын кемелерге талап күшейді/ фото: Шадияр Өстемір

Жаз шықса, Алакөл жағалауы туристерге толады. Ал демалушылардың қауіпсіздігі басты назарда.

Бұл туралы Жетісу облысы ТЖД бастығының орынбасары Игорь Жуков мәлімдеді. Алакөлде демалушылардың қауіпсіздігіне алаңдауға еш негіз жоқ.

Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары рейдке шығып, көл жағасындағы ахуалмен таныстырды.

Игорь Жуков / фото: Шадияр Өстемір

Қосымша күш тартылады

Игорь Жуковтың айтуынша, туристік маусым кезінде Алакөлде құтқарушылар тәулік бойы кезекшілік атқарады. Жаз айларында жағалауда арнайы күшейтілген топ жұмыс істейді. Оның құрамында өрт сөндірушілер, жедел-құтқару жасағының мамандары, инспекторлар мен әскери қызметшілер бар. Олар техникалық жабдықталуы жағынан кемтарлық көріп отырған жоқ. Өрт сөндіру машиналары, 300 ат күші бар жылдам катерлері де бар.

«Жыл бойы мұнда 13 құтқарушы жұмыс істейді. Туристік маусым басталғанда қосымша күш тартылады. Олар күн сайын рейд өткізіп, судағы және жағалаудағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді», – деді ол.

Күшейтілген топ/ Шадияр Өстемір
Күшейтілген топ/ Шадияр Өстемір

Бейнекамералардың саны көбейді

Биыл Алакөл жағалауына 34 бейнебақылау камерасы орнатылыпты. Камералар арқылы құтқарушылар судағы жағдайды онлайн бақылайды. Алда-жалда қауіп туындаса, құтқарушылар дереу әрекет етеді. Балалар демалатын лагерьлерде де қауіпсіздік шаралары күшейтілген.

Құтқарушылардың қырағы көзі ештеңені қалт жібермейді.

Осы жерде бақыланады / фото: Шадияр Өстемір

Кемелер мен қайықтар тексерілу үстінде

ТЖМ өкілінің айтуынша, Алакөлде шағын кемелерді тексеру жұмысына қазір барынша мән беріліп отыр. Биыл 1 шілдеден бастап мұндай кемелер мен қайықтарды пайдалану талаптарын бақылау құзыреті Төтенше жағдайлар министрлігіне өткен. Осы уақыт ішінде Алакөл мен Балқашта 140-тан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталыпты. Оларға ескерту немесе айыппұл түрінде жаза қолданылып жатыр.

Мамандардың айтуынша, ең жиі кездесетін заңбұзушылық – кеме жүргізу құқығын растайтын құжаттың болмауы.

Рейдке дайындық / фото: Шадияр Өстемір

Туристер нені білуі керек?

Мамандар Алакөлге келген туристерге үш негізгі ережені еске салып отыр. Олар қарапайым ғана дүниелер. Айталық, мас болып суға түспеу және су көлігін басқармау, белгіленген шектен асып жүзбеу және түнгі уақытта суға түспеу.

Ал қайыққа немесе гидроциклге мінгенде міндетті түрде құтқару жилетін кию қажет.

«Көп жағдайда төтенше жағдайлар қарапайым қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан болады. Сондықтан әр адам ең алдымен өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы керек», – дейді құтқарушылар.

Қазір Алакөл жағалауында қауіпсіздік жұмыстары күшейтілген режимде жүріп жатыр. Құтқарушылар мен полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқарады. Туристердің қауіпсіздігі бақылауда.