
Алакөлдің демалыс орындары қонақтарға қызмет көрсетуге әзір. Олардың бір ғана тілегі бар. Ол – әлеуметтік желіде айтылып жатқан сынның бәріне бірдей сенбеу.
Әрине, талғамға талас жоқ. Десе де, сын әділ болуға тиіс. Алакөл демалыс аймағының қызметкерлері кейбір пікірлер шындыққа сай келмейтінін айтып отыр.
Соның бірі – Аurora Alakol иелерінің бірі Сағадат Байтөреева. Ол бұл кәсіпке бірден келмеген. Ұзақ жыл ұстаз болып, талай шәкіртке білім берген. Енді жылдар бойғы бейнетінің зейнетін көріп отыр. Демалыс аймағын салу балаларының ұйғарымы болыпты. Осы жерді сатып алып, төрт корпус салуға бел буған. Бұған кеткен уақыт та аз емес. Бақандай он жыл.

«Техникалық ашылуы биыл басталды. Өйткені екінші қабат толық бітіп үлгермеді. Тек қана төрт корпустың бірінші қабаттары іске қосылып отыр. Құдайға шүкір, келушілер бар. Демалушылардың саны аз емес. Бірінен кейін бірі келіп жатыр. Ақырындап бәрі жақсы болып келеді. Бөлмелеріміздің бәрі стандарт. Бір өлшемде. Бірақ екі кісіге, төрт кісі арнап қойылған төсектер бар. Соған қарай бағасы да әртүрлі», – дейді зейнеткер.
Ол бұл демалыс орнын балалары еуропалық стильмен салғанын алға тартады. Мұнда бассейн де бар. Бассейннің айналасында майда қиыршық тастар төселген. Жалаңаяқ жүруге өте ыңғайлы.
«Жалаңаяқ жүру денсаулыққа пайдалы. Өзім күнделікті жалаңаяқ жүремін. Бассейн жоғары деңгейде салынған. Астыңғы жағында барлық құрал-жабдық бар. Жылуды біркелкі сақтап тұрады. Бассейннің қасында сауна бар. Жақында ғана ашылды», – дейді Сағадат Байтөреева.

Ол Ақшиде жаңа демалыс үйлері салынып, енді жұмыс бастап жатқанын айтты. «Істі бастамай тұрып, сынау дұрыс емес деп ойлаймын», – дейді кәсіпкер.
Ақши ауылындағы демалыс аймағы қонақүй департаментінің менеджері Әділет Ералы құзырлы органдар ұдайы тексеру жүргізіп тұратынын айтты.
«Біздің демалыс аймағымызға қонақтар келіп жатыр. Нөмірлеріміз толық. Көлікпен күніне 15-20 демалушы келеді. Желіде неше түрлі жалған мәліметтер бар. ТЖМ қызметкері демалыс аймағы, жағалау бойынша барлық тексерісті жүргізді. Қонақтар үшін барлық жағдай жасалып отыр», – дейді ол.

Әділет Ералының сөзіне қарағанда, келген қонақтарға тік тұрып қызмет етуге дайын. Бұл жерде отбасылық демалысқа сервис көрсетіледі. Балаларға арналған анимация, кешкі шоу бағдарлама, бассейн, spa-орталық бар. Бұдан бөлек, лаундж-бар мен караоке де ашық. Таңғы ас беретін мейрамханаларда мәзірдегі кез келген тамаққа тапсырыс беруге болады.
«Алакөлде туризм жақсы дамып келе жатыр. Жол жасалған. Алматыдан 6-7 сағатта жетуге болады. Өз көлігімен келемін деген қонақтар үшін барлық жағдай жасалған», – дейді менеджер.

Сондай-ақ Жетісу облысы ТЖД бастығының орынбасары Игорь Жуков туристердің қауіпсіздігін сақтау үшін барлық шара жасалып жатқанын мәлімдеген болатын.