Жаңалықтар

Бас прокуратура 80 млн ұрлаған есепшіге жасалған рақымшылықтың күшін жойды

Бас прокуратура 80 млн ұрлаған есепшіге жасалған рақымшылықтың күшін жойды / Фото: Shutterstock

Атырау облысында бюджеттен 88,8 млн теңгеден астам қаражат жымқырғаны үшін сотталған есепші рақымшылық бойынша уәде етілген 4 жыл 8 айдың орнына 7 жылын темір торда өткізеді. Заңсыз рақымшылықтың күшін жоюға Бас прокуратура қол жеткізді.

Іс материалына сәйкес, қылмыс 2023–2024 жылдары жасалған. Тергеу мәліметтері бойынша, есепші мемлекеттік мекеме басшысымен бірлесіп әрекет етіп, бюджеттен ондаған миллион теңгені иемденген.

Бастапқыда сот әйелді жеті жылға бас бостандығынан айырған. Алайда кейінірек рақымшылық қолданылып, жаза мерзімі төрт жыл сегіз айға дейін қысқартылып, жеңілдетілді.

Тексеру барысында Бас прокуратура мұндай шешімнің заң бұзушылықпен қабылданғанын анықтады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, аса ірі мөлшерде жымқыру жасағаны үшін сотталғандар келтірілген шығынды толық өтеген жағдайда ғана рақымшылыққа үміт арта алады. Бұл жағдайда шарт орындалмаған. Сотталған әйел ұрланған соманы толық қайтармаған, сонымен қатар сот одан өтелмеген шығын ретінде тағы 36,8 млн теңгеден астам қаражатты өндіріп алуды ұйғарған. Осыған қарамастан, бірінші сатыдағы сот жаза мерзімін үштен бірге қысқартты, ал апелляциялық саты шешімді өзгеріссіз қалдырды.

«Бас прокуратура кассациялық наразылық енгізді. Нәтижесінде кассациялық сот рақымшылықты қолдану туралы шешімнің күшін жойып, бастапқы үкімді – 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қалпына келтірді», – деп түсіндірді ведомствоның баспасөз қызметі.

Бас прокуратура егер сотталған адам заңның міндетті шартын орындамаса, яғни келтірілген шығынды толық көлемде өтемесе, рақымшылық қолданылмайтынын айтты.