Жаңалықтар

«Борат» бейнесіндегі жарнама: Shoqan брендінің басы неге дауға қалды

коллаж: kursiv.media

Отандық ерлер киімі бренді Shoqan (shoqansuits) желіде резонанс тудырған жарнамалық роликке қатысты ресми мәлімдеме жасады. Бұған дейін бренд «Борат» фильмінің кейіпкері бейнесінде түсірілген бейнеролик жариялап, әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығына тап болған еді.

Әлеуметтік желідегі сыни пікірлер

Желі қолданушыларының айтуынша, ұлтты абыройсыз етіп көрсеткен және қазақ халқын келемеждейтін образды контентке айналдыру дұрыс емес. Артынша ролик өшірілгенімен, бұл жағдай қоғамда қызу талқыланды. Контентті өшіру брендті жауапкершіліктен босатпайтынын айтқан оқырмандар өз реніштерін білдірді.

Брендтің ресми жауабы

Орын алған жағдайдан кейін Shoqan бренді мен иесі Ұлықбек Шәріпов ресми парақшаларында мәлімдеме жариялап, түсініктеме берді:

Талқылауға себеп болған видеоның бірнеше ай бұрын жарияланғанын және қазіргі уақытта толықтай өшірілгенін хабарлады. Бренд өкілдері Бораттың бейнесін хайп үшін пайдалану немесе Қазақстанға, қазақ халқына, ұлттық мәдениетке әрі мемлекеттік тілге құрметсіздік көрсету мақсаты болмағанын жеткізді.

Бренд өкілдері: «Кез келген адам да, кез келген компания да қателесуі мүмкін. Ең бастысы, қателікті мойындап, одан сабақ алып, қайталамауға тырысу» деп, оқырмандардың пікірін ескеретіндерін айтты.

Сондай-ақ, жазбада компанияның елдегі әлеуметтік жобаларға, оның ішінде қазақ және ағылшын тілдерінде оқытатын мектеп ашып, онда аз қамтылған отбасы балаларының 40%-ын грантпен қамтып отырғаны аталып өтілді. Контенттің белгілі бір бөлігі орыс тілді аудиторияға да арналғанымен, қазақ тіліндегі контент үлесін арттыруға сөз берді.

Компанияның бұл мәлімдемесі желіде қайтадан екіұдай пікір тудырды. Кейбір қолданушылар брендтің сапасы мен отандық өнім екенін жоғары бағалап, қателіктен сабақ алуын қолдаса, енді бір бөлігі ұлттық намысқа тиетін жарнама жасап, артынша жасаған жақсылықтарын міндетсінгендей жазба қалдырғанына ренішін білдірді.

Оқи отырыңыз: Ресейлік режиссерге жарнама түсірткен отандық бренд дауға қалды.