
АҚШ-та өткен 2026 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы атанған Испания құрамасы ең басты кубокты иеленгенімен, қанжығасына байланған сыйақысының қомақты бөлігін жергілікті билікке аударуға мәжбүр. Әлем чемпионы атанғаны үшін FIFA тарапынан берілетін 50 млн доллар жүлде қорының 15 млн доллары (7 млрд теңгеден астам) АҚШ-тың федералдық салығы ретінде ұсталынып қалады.
Бұған себеп АҚШ-тың қолданыстағы қатаң салық заңнамасы. Елде тұрақты тұрмайтын шетелдік спортшылар мен ұйымдарға төленетін кез келген табыс пен сыйақыдан, егер арнайы халықаралық келісімдерде өзгеше қарастырылмаса, автоматты түрде 30 пайыздай федералдық салық ұсталады. Мундиалға қатысқаны үшін болса да сыйақы алған барлық құрамалар америкалық қазынаға үлес қосуға міндетті.
Бұл жағдай АҚШ-тың өзінде үлкен талқылау тудырды. Әсіресе АҚШ Конгресінің мүшесі, республикашыл Тим Берчетт іс жүзіндегі салық жүйесін ашық сынға алды. Fox News арнасына берген сұхбатында ол шетелдік меймандарды мұндай жолмен тонау дұрыс еместігін баса айтты:
«Меніңше, бұл кәдімгі тонаумен тең. біз шетелдіктердің елімізге келіп, туризмді дамытып, ақша жұмсағанын қалаймыз. Ал кейін олардың еңбекпен тапқан қаржысының қомақты бөлігін салық ретінде сыпырып аламыз. АҚШ-қа әлдеқайда тиімді әрі логикаға қонымды салық жүйесі қажет», – деді конгрессмен.
Еске сала кетейік, Испания әлем чемпионатының финалында Аргентинаны жеңген еді.
Оқи отырыңыз: Футболдан әлем чемпионатында кім ақша тапты, кім ұтылды