Жаңалықтар

Экс-министр Серікқали Брекешев Kazenergy қауымдастығының төрағасы болды

Экс-министр Серікқали Брекешев Kazenergy қауымдастығының төрағасы болды
Экс-министр Серікқали Брекешев Kazenergy қауымдастығының төрағасы болды / primeminister.kz

Бұрыңғы экология министрі Серікқали Брекешев Kazenergy қауымдастығының жаңа төрағасы болып сайланды. Бұған дейін қауымдастықты Болат Ақшолақов басқарып келген.

Kazenergy өкілдері Серікқали Брекешевтің басшылығымен Қауымдастық салалық мүшелердің басын біріктіру, мемлекет пен бизнес арасындағы диалогты дамыту және Қазақстанның энергетикалық кешенінің ұстанымдарын нығайту бойынша дәйекті жұмысын жалғастыратынына сенім білдірді.

Айта кетейік, Болат Ақшолақов Kazenergy-ді 2025 жылдың ақпанынан бері басқарды. Жиналыста оның басшылық еткен кезеңінде қауымдастық мемлекет пен бизнес арасындағы диалог үшін жетекші салалық алаң мәртебесін нығайтып, Қазақстанның халықаралық деңгейдегі орнын кеңейткені атап өтілді.

«Елдің жетекші энергетикалық компанияларының басшылары Болат Ақшолақовқа бірлескен жұмысы мен KAZENERGY-ді дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтты. Олар оның кәсіби тәжірибесі мен сала бойынша терең білімі елдің негізгі мұнай өндіруші өңірі – Атырау облысының әкімі қызметінде Қазақстанның мұнай-газ кешенін дамытуға бұдан былай да елеулі үлес қосуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді», – деп атап өтті Kazenergy өкілдері.

Серікқали Брекешев 1972 жылы 14 қазанда Павлодар қаласында дүниеге келген. 1995 жылы Есенов атындағы Ақтау политехникалық институтын «Мұнай және газ кен орындарын игеру және пайдалану» мамандығы бойынша бітірген.

Кәсіби қызметін 1995 жылы коммерциялық құрылымда экономист болып бастаған. Кейіннен мансабын Ақтау қаласының салық бөлімінде және «Маңғыстаумұнайгаз», «Қарақұдықмұнай» мұнай-газ компанияларында жалғастырды.

Әр жылдары «ҚазТрансГаз» АҚ-да техникалық саясат департаментінің директоры, ресурс базасын дамыту және техникалық саясат жөніндегі бас директордың орынбасары; ҚР Мұнай және газ министрлігінде газ өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры болып жұмыс істеді.

2021-2023 жылдар аралығында экология, геология және табиғи ресурстар министрі болды.

2023 жылдың ақпанынан 2025 жылдың сәуіріне дейін Брекешев «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ газ жобаларын дамыту жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды.